Түркияға шатыр, жылытқыш, қалың киім мен көрпе жетпей жатыр
Көрпе мен киімдер жаңа, қолданылмаған болса деген өтініш бар
Зілзаладан зардап шеккен аймақтарға шатыр, генератор, жылытқыштар мен көрпе жетпей жатыр. Түркияның Қазақстандағы елшілігі киім-кешектен бөлек, дәл қазіргідей суықта пана болатын жылы жамылғыштар ауадай қажет екенін айтады.
Түркияның Қазақстандағы елшілігінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Махмут Байрам Шевкет алдағы уақытта гуманитарлық көмек қолын созамын деушілерден жоғарыда аталған тізімге басымдық беруді сұрап отыр.
Ал Түркияның Қазақстандағы елшілігінің бастамасымен ашылған жәрдем шотына ақшалай аударымдардың легі үзілген емес. Дәл қазір шотқа 1 миллион 300 мың доллар шамасында ақша жиналған.
Осы жағдай болғаннан кейін үш-төрт күн бұрын бауырларымызға көмектесу мақсатында үндеу тастаған болатынбыз. Негізінен біз оқушыларға, ата-аналарға жылы көрпе мен жылы киімдердің барлығы жаңа, қолданылмаған болса деп өтініш айттық, - дейді Binom school директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ербол Бихалық.