HIMARS Ресей әскерінің Донецкідегі штабын жойып жіберді
Угледар елді мекені түбіндегі «Восток» батальонының тас-талқаны шықты
Украина Қарулы күштерінің қолданысындағы HIMARS артиллериялық зымыран кешені Донецк облысының Угледар елді мекені түбіндегі «Восток» батальонының штабын жойып жіберді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Украин әскерлерінің қолындағы HIMARS-тың өте сәтті соққы жасағаны сондай, батальон штабын тас-талқан еткен. Әзірше қаза тапқан адамдардың саны белгісіз. Бірақ олардың арасында офицерлердің көп болуы мүмкін екені айтылып отыр.
Өзін-өзі жариялаған «ДХР» -дың далалық командирі Александр Ходаковский офицерлер құрамындағы «қарулас жолдасының» қаза тапқанын айтып, телефон арқылы шағымданған.
Ресейлік пабликтер осы мезетте командалық бекетте болған Ресей офицерлері арасында адам өлімінің көп екенін жазып жатыр, – деп жазды украин әскери тілшісі Андрей Цаплиенко Тelegram-да.
Осының алдында Бучадағы зұлымдықтары арқылы аты кеңінен танымал болған Ресей теңіз жаяу әскерлері 155-бригадасының Угледар бағытында сәтсіз соғысып жатқаны, ал соңынан Владивостоктан келген бұл теңіз әскерінің командалық құраммен бірге түгелімен жойылып кеткені хабарланған еді. Оларды да HIMARS-тың бір соққысы жермен-жексен еткен.
Сондай-ақ Украина Қарулы күштері таяуда Мелитопольде де минут бойы HIMARS-тан атқылап, басқыншыларды түгелімен қырып тастаған болатын.
Бұған дейін украин артиллеристері Ресей әскері басып алған Соледарды теңселтіп, «Вагнердің» сондағы сапын толығымен оққа байлаған болатын.