Ердоған мен Путин Ресей-Украина келіссөздерін Ыстанбұлда өткізуге келісті

Ербол Тұрымбет

Екі елдің басшылары телефон арқылы сөйлесті

фото: armeniasputnik.am

Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған жексенбі күні телефон арқылы сөйлесу барысында Ресей мен Украина делегациялары арасындағы келіссөздердің келесі раундын Ыстанбұлда өткізу туралы уағдаласты.

Бұған дейін Ресей делегациясының басшысы, президент көмекшісі Владимир Мединский Ресей мен Украина делегациялары келіссөздердің кезекті бетпе-бет раундын 29-30 наурызда өткізу туралы шешім қабылдағанын хабарлаған болатын. Сондай-ақ Ердоған жексенбі күні Путинмен телефон арқылы сөйлескен кезде Анкара Ресей мен Украина арасында бейбітшіліктің орнауына ықпал етуді жалғастыратынын атап өткен.

«Президент Ердоған Ресей мен Украина арасында қысқа уақытта бітім мен бейбітшілік орнату, сондай-ақ өңірдегі гуманитарлық жағдайды жақсарту қажеттігін, Түркия бұл жағдайға өз үлесін қосуды жалғастыратынын айтты», - деп хабарланды Түркия президентінің кеңсесінен.