Командалық спринтте отандастарымыз мәреге екінші болып жетті
Германияның Инцелль қаласында конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында командалық спринтте отандастарымыз Алёна Лифатова, Арина Ильященко, Алина Дауранова мен Кристина Шумекова квартеті күміс жүлдегер атанды.
Нидерланд құрамасы мəреге бірінші келсе, Италия үздік үштікті түйіндеді.
Жалпы, әйелдер жарысына 11 құрама қатысты. Олар: Германия, Испания, Италия, Қазақстан, Канада, Оңтүстік Корея, Латвия, Нидерланд, Норвегия, Польша, АҚШ.
Былтыр Австрияның Инсбрук қаласында жалауы желбіреген əлем чемпионатында еліміздің қыздар құрамасы (Алина Дауранова, Инесса Шумекова, Дарья Гаврилова, – ред.) командалық спринтте 3-орын алған еді.
Осыған дейін Германиядағы додада Алина Дауранова 500 метрде қола медаль мен 1000 метрде күміс жүлдені жеңіп алған.
Қазір ұлттық құрама қоржынында 2 күміс пен 1 қола бар. Дүниежүзілік дода бүгін мәресіне жетеді.