IELTS-тан 5.5 ұпай жинаған талапкерлер ағылшын тілінен ҰБТ тапсырмауы мүмкін

Дәурен Ерболат

Жаңа өзгерісті енгізу мәселесі қаралып жатыр

Фото: edufirst.ng

IELTS сынағынан 5-5,5 ұпай жинап, сертификат алған талапкерлер ағылшын тілінен ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) тапсырмауы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айутынша, бүгінде IELTS/TOEFL сертификаты бар үміткерлер ҰБТ-дан босатылады. Мысалы, IELTS сертификаты 6 балдан жоғары болса, талапкерлерге (ҰБТ-да ағылшын тілінен автоматты түрде – автор) 45 балл беріледі. Алайда ҰБТ сертификатында ағылшын тілі бойынша ұпайлар көрсетілмейді.

ЖОО-ның қабылдау комиссиялары білім беру гранттарын беру немесе ақылы негізде қабылдау өтінішін бергенде сертификаттардың растығы мен қолданылу мерзімін тексереді. Сертификаттың түпнұсқалығын тексерген соң бірден 45 балл беріледі, - деді Руслан Емелбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Басшы бүгінде ҰБТ-ға жаңа өзгерістер енгізілгелі жатқанын атап өтті.

Қазір жаңа өзгерістер әзірленіп жатыр. IELTS сынағынан 5-5,5 балл алған талапкерлерге ҰБТ-да ағылшын тілі бойынша балл берілуі мүмкін. Бұл мәселе қаралып жатыр. Нақты өзгеріс енгізілсе, оны да жариялаймыз, - деді ол. 

IELTS (the International English Language Testing System) ағылшын тілінен халықаралық сынақ тесті болып саналады. Егер ағылшын тілінде сөйлейтін мемлекетке, оқуға немесе жұмыс істеуге баратын болсаңыз, осы емтиханды тапсыруға міндеттісіз.

Айта кетейік, қаңтардағы ҰБТ-ны 123 мың талапкер тапсырды. Ережені бұзғаны үшін 160 үміткер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.