Күдіктілер күн өткен сайын көбейіп жатыр
Өзбекстанда қоғамды дүрліктірген «Док-1 МАКС» және «Амбронол» препаратын шығарған және жаппай сатуға рұқсат берген жауапты басшылар қамауға алынды.
Осы елдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, Фармацевтикалық желіні дамыту агенттігі мен оның жанындағы Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сараптау және стандарттау мемлекеттік орталығы жанынан жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, көптеген қаржылық қателер және кемшіліктер мен бюджет қаражатын жұмсауда белгіленген талаптарды өрескел бұзу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу басқармасы тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ «Док-1 МАКС» және «Амбронол» шәрбатының әсерінен «жедел бүйрек жеткіліксіздігі» диагнозымен балалардың өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу аясында бірқатар лауазымды азаматтар қамауға алынды.
Күдіктілер күн өткен сайын көбейіп жатыр. Атап айтқанда, жиналған айғақтардың негізінде Фармацевтикалық желіні дамыту агенттігінің және оның жанындағы Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сараптау және стандарттау мемлекеттік орталығының директоры Қ.С. және оның жасалған қылмыстарға қатысы бар бірнеше сыбайласы күдікті ретінде ұсталып, оларға бұлтартпау шарасы қолданылды.
Бастапқы тергеу аясында Өзбекстанға сапасыз дәрі-дәрмектің әкелінуі мен тұтынылуына жол берген жауапты адамдардың санын анықтауға және олардың әрекетіне құқықтық баға беруге бағытталған кешенді тергеу және жедел іс-шаралар мен тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр.