Түркістан облысында сыныптастар мал ұрлаумен айналысқан
Олардың 11 қылмысқа қатысы бары анықталды
Арыс қаласында мал ұрлығымен айналысқан сыныптастар ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Арыс ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Ер адамның айтуынша, қорасындағы 2 бас қойды әлдебіреулер ұрлап кеткен. Залал сомасы – 100 мың теңге. Бұл дерек негізінде Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы («Мал ұрлығы») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полицейлер бірнеше тәулікте күдіктіні ұстады. Оның жұмыссыз екені, бұрын сотталғаны анықталды.
Тергеу барысында жас жігіт сыныптасымен бірге 2022 жылғы желтоқсанда басқа да тұрғындардың малдарын ұрлағанын мойындады. Осылайша, бұрын сотталған екінші күдікті полицияға жеткізілді. Полиция сыныптастардың жайылымда қараусыз жүрген малдарды ұрлайтынын анықтады. Олар жалпы 7 сиыр мен 2 жылқыны ұрлаған. Содан кейін малдарды көрші ауылға апарып, сатып жіберген, - деп жазылған хабарламада.
Ірі қара малдары ұрланған тұрғындар полицияға мүлде арызданбаған.
Бүгінде күдіктілердің 11 рет мал ұрлағаны белгілі болды. Жәбірленушілерге 3,5 млн теңге көлемінде шығын келген.