Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырған 15 адам сотталды
Залал сомасы 6 млрд теңгеден асады
Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Бас прокуратура.
Арнайы прокурорлар қызметі QI Trade Kazakhstan (Qarat Invest) қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық істі тергеп-тексерді.
Олардың бас офисі Алматы қаласында орналасқан, сондай-ақ өңірлерде 12 филиал жұмыс істеген. Сотталушылар Amazon (АҚШ) платформасында сауда жасаймыз деп сенімгерлік басқару негізінде адамдардан процентке ақша алған. Осылайша пайда таппақ болған. Салымшыларға салым сомасына байланысты бір жылда 96%-ға дейін пайда түседі деп уәде берді. Салдарынан компания 1345 адамға 6 млрд теңгеден асатын залал келдірді, - деп жазылған хабарламада.
Прокуратура қазақстандықтарды алдау схемасын жасағандардың, сондай-ақ компанияның бас офисі және филиалдары басшыларының кінәсін дәлелдеді.
Нәтижесінде Бостандық аудандық сотының үкімімен 15 сотталушы кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды (6 жылдан 7 жылға дейін).
Бас прокуратура қазақстандықтарды сақ болуға, күмәнді ұйымдарға ақша салмауға шақырады.