×

Ресейден жүкті әйелдер толы ұшақтар Аргентинаға аттанып жатыр

РФ азаматтары әлемде «бала туу туризміне» жаңа серпін берді. Құзырлы органдар оның ар жағында мафия тұр деп есептейді

 Халық үні 12.02.2023 | 22:57
Фото: Odua Images/Shutterstock

Дүниежүзінде 60 мемлекет өз аумағында дүние есігін ашқан шетелдіктердің балаларына төл азаматтығын ұсынады. Бірқатар елдер бала азаматтық алуы үшін белгілі бір шарттарды сақтауды талап етеді. Айталық, Ұлыбритания ата-аналардың екеуі де мигрант емес, ең құрығанда біреуі патшалықтың тұрақты тұрғыны болуын талап етеді. Таиландта бөбектің әкесі мен шешесі елде кем дегенде 5 жыл тұруы шарт. Испанияда анасы не әкесі осы мемлекетте заңды түрде тұрып жатуы міндет. Бұл туралы inbusiness сайты хабарлайды. 

Ал кейбір елдер өмірге келе сала сәбиге бірден паспортын сыйлайды. Яғни баланың өз территориясында туылуы оның азаматтық алу құқығын растайды. Бұл ретте оның ата-анасының кім екені, жер-жаһанның қай түкпірінен келгені және ел аумағына заңды не заңсыз енгені тіпті де маңызды емес. Мұны заңгерлер «Топырақ құқығы» («Jus soli») атайды. Ол ағылшын құқығы жүйесінің іргелі бір қағидаты саналады. Дегенмен, баланың туылуы бойынша азаматтықты автоматты түрде беретін мемлекеттердің саны 2000 жылдардан бері үнемі азайып келеді. Мысалы, одан Австралия, Ирландия, Жаңа Зеландия сияқты елдер бас тартты.

Баласына туылу фактісі бойынша азаматтық әперу жөнінен ата-аналар арасында ең танымал мемлекеттер – АҚШ пен Канада. Америка Құрама Штаттарының бұл қағиданы қатаң ұстанатыны сонша, тіпті бала Американың үстінен ұшып бара жатқан ұшақта туылса, оған бәрібір АҚШ азаматтығы ұсынылады.

Сонымен бірге, дүниежүзінде дәл осы құқықты қолдануға ең құмар он елдің қатарынан Ресей үнемі орын алып келеді. Алайда Кремль Украинаға соғыс ашып, бейбір халықты қыра бастағалы бері, ағылшын құқығын пайдаланатын көптеген ел ресейліктерді қабылдауды шектей бастады. Батыс елдері айы-күні жетіп тұрған ресейлік әйелдерге виза беруден ат-тонын ала қашады.

Оңтүстік Африка республикасы, Тунис, Судан, Намибия, Колумбия, Камбоджа, Тувалу, Тринидад пен Тобаго, Венесуэла, Лесото, Пәкістан, Сент-Китс пен Невис, Чад сияқты аса кедей әрі қауіпті елдердің азаматтығын ресейліктер менсінбейді.

Салдарынан, Аргентинаға ағылған ресейлік жүкті аналар легі күрт артыпты. Бұған тосқауыл қоймаса, бұл тасқын топан судай апатқа айналып кетуі де мүмкін.

Аргентиналық C5N (Canal 5 Noticias) арнасының хабарлауынша, Аргентина билігі РФ тұрғындарына "бала туу туризмін" ұсынатын ұйымдарды тексеруге кірісті. Аргентикалық Көші-қон қызметінің ақпаратынша, аяғы ауыр әйелдерге бұл елде босанып, азаматтық алудың түрлі пакеті ұсынылады. Оның бірі 15 мың доллар тұрады.

«Бұл келіншектердің артында орыс мафиясы тұр. Олар үшін осының бәрі үлкен табыс көзіне айналды», – деді телеарнаға сұхбатында Көші-қон қызметінің ұлттық директоры Флоренсия Кариньяно.

Оның дерегінше, бір жыл ішінде елге 10 мыңнан көп ресейлік келген. Мысалы, осы бейсенбіде, яғни 2023 жылғы 9 ақпанда Ethiopian Airlines авиакомпаниясымен жүктіліктің 32-34 аптасына жеткен 33 РФ азаматшасы ұшып келіпті. Бұл – тек бір күн және тек бір авиакомпанияның жалғыз рейсі ғана.

Бұл елде дүниеге келген бөбек бірден азаматтыққа ие болады. Содан соң оның ата-анасы да жеңілдетілген және жеделдетілген режимде азаматтықты рәсімдей алады.

Бірақ тағы бір проблема анықталып отыр. Ресейліктер аргентиналық паспортты санкцияларды айналып өту, Еуропа, АҚШ және басқа да санкция салған елдерге еркін сапарлау, тіпті тыңшылық мақсатта ғана пайдаланатын көрінеді. Ал өздері азаматтық алған соң Аргентинаға аттап аяқ баспайды. Жаңа Отанын тарс ұмытады.

Мұндайлардың саны да тым көбейіп кеткен. Сондықтан Аргентина билігі бала туу арқылы ресейліктер қол жеткізген уақытша тұру ықтиярхаттарының (ВНЖ) күшін уақытша тоқтатуға тырысуда.

Жергілікті миграциялық орган тиісті құжатты алған соң елде тұруға қалмаған ресейліктерді қудалауға білек сыбана кіріскен. Бұл туралы C5N телеарнасына Флоренсия Кариньяно хабарлады.

Әйткенмен, Көші-қон қызметі ықтияр хатты уақытша ғана тоқтата алады. Оны жою тек сот арқылы жүреді. 

«Көптеген ресейліктер баласын Аргентинада туады. Содан кейін аргентиналық баласын қалқан етіп, тұру ықтиярхаттарын рәсімдетіп алады. Біз бүгінде олардың ықтияр хатының күшін уақытша тоқтатып жатырмыз. Өйткені олар ел ішінде, Аргентинада ұзаққа қалмайды, шетелге кетіп қалады. Бар уақытын өзге елдерде өткізеді», – деді миграциялық органның басшысы.

Әйтсе де, Аргентина демократиялық ел болып есептеледі. Бұл елде сот органдары атқарушы биліктің сойылын соқпайды. Әрине, олар басқасының, мысалы, мафияның шашбауын көтеруі де ғажап емес.

Осы аптада, 10 ақпанда көші-қон органы жүктіліктің соңғы мерзіміндегі 6 ресейлік азаматшаға Аргентинаға кіруіне тыйым салғаны белгілі болды. Олар Эсейза әуежайында қалды. Ведомствоның түсіндіруінше, әйелдер елге сапарының мақсаты туралы жалған ақпарат ұсынғандықтан оларды елге кіргізбей қойған жөн деген шешім қабылданған. Себебі, ресейлік әйелдер турист ретінде келгендерін көрсеткен, шынында, жергілікті азаматтық алуды ғана мақсат тұтып,«бала туу туризміне» жүгінген. Алайда ресейлік әйелдер сот арқылы бәрібір Аргентинада болуға рұқсат ала алды.

Аргентиналық саяси шолушы, тележүргізуші Хорхе Риал бұл көлеңкелі схемалардың артында мафиялық құрылымдар тұрғанын әшкереледі.

«Қорқыныштысы сол, осының бәрін бақылап, жүзеге асыратын астыртын ұйымдар тіпті қарау әрекеттерін жасырмайды. Олар интернетте ашықтан ашық хабарландырулар жариялайды. Жергілікті билік органдарының өкілдерін пара беріп, сатып алады. Олар РФ азаматшаларының Аргентинада бала туып, азаматтыққа қол жеткізуін конвейерге қойып алды. Бұл ұйымдардың бүгінде басқа да заңсыз бизнеспен айналысатыны анықталып, мысалы, адам саудасына, соның ішінде бала саудасына қатысы тергелуде», – деп хабарлады Хорхе Риал.

Жалпы аргентиналық заң бойынша, елге бала туу үшін барудың өзі қылмыс емес. Бірақ Mercosur одағы елдерінен (Оңтүстік Америка елдері: Аргентина, Бразилия, Уругвай, Парагвай және Венесуэла жатады) басқа мемлекеттердің азаматтары мұны заңды түрде жасау үшін алдымен өз еліндегі Аргентина консулдығына кіріп, сапарының себебін түсіндіріп, арнайы виза алуы шарт. Ресейлік әйелдерде талап етілетін қағаз болмай шығады. Өйткені РФ азаматтары бұл елге турист ретінде 90 күнге еш визасын кіре алады.

Британдық The Guardian өз зерттеуінде ұсталып қалған жағдайда РФ азаматшаларына орыс ұйымдары адвокат ұсынатынын анықтапты. Сондықтан әуежайда Аргентинаның құзырлы органдары оларды ішке кіргізбей қойса, ресейліктер келесі рейспен елдеріне қайтпайды екен: қорғаушыларын күтіп жатады.

Британдық басылым Аргентинадағы РФ елшілігінің консулдық бөлімінің меңгерушісі Георгий Полиннен сұхбат алды. Ол ресейліктер арасында «бала туу туризмінің» танымалдылығы 2022 жылдан бері еселеп өскенін,«нағыз дүмпуге» ұласқанын жасырмады.

The Guardian байламынша, ресейліктердің Аргентинаны таңдауы бекер емес: бұл елдің паспорты, ықтияр хаты дүниежүзіндегі 171 мемлекетті еркін аралауға мүмкіндік береді. Оның ішінде Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, Жапония да бар. Бұдан бөлек, Аргентинада бұрыннан мемлекеттік те, жекеменшік те медициналық қызмет сапасы жоғары.

El Diario басылымына сұхбатында Аргентинадағы Орыс қоғамдастығының (Русская община) президенті Сильвана Строганова бұл «туризм» 2012 жылдан бері жолға қойылғанын баяндады. Бірақ соғыс басталғалы, санкция аясында АҚШ пен Батыс елдеріне барып, босану күрделенгендіктен, лек Аргентинаға бағытталған. 

Строганова осыны қалайтын ресейліктерге көмектесетіндерін, сол үшін арнайы ақпараттық желіні құрғандарын айтты, бірақ бұл бизнесті басқармайтынына сендіреді. Орыс қоғамдастығы басшысының түсіндіруінше, РФ азаматтарына Аргентинаның сәбиге бірден азаматтығын беретіні, 6 айдан соң оның ата-анасына азаматтық ұсынатыны, сонымен бірге олардан РФ азаматтығынан бас тартуды талап етпейтіні қатты ұнайтын көрінеді. Себебі, Аргентина Конституциясы қос азаматтыққа тыйым салмайды.

«Бұл босқындар емес. Ауқатты отбасылар. Азаматтық алуға келетін ресейліктердің төлем қабілеттілігі жоғары: олар тиісті топтаманы сатып алады, жекеменшік клиникалардың ақысын төлейді, кейбірі осында пәтер сатып алады. Бұлар – соғыстан қашқандар емес, жақсырақ орын, жайлы мекен іздегендер», – деді Сильвана Строганова.

Өз елін тәртіпке, тұрақтылыққа келтіріп, жерұйық мекенге айналдыру орнына соны өзге елдерден іздейтін ресейліктердің басқа мемлекетке де опа бермесі сөзсіз.

Айтқандай, Батыс елдері Украинаға Ресейдің қайтадан кең ауқымды жаңа шапқыншылық жасайтынын айтып, Киевке ескертті. 21 ақпанда жолдауын жария ететін В.Путин ішінара емес, жаппай мобилизация жариялауы мүмкін деген хабар бар. Демек, Қазақстанның көші-қон қызметі де жақсы өмірді сырттан іздеген ресейліктердің тасқынын тоқтатуға сақадай сай отырса жөн.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама