Теміртауда мас жүргізуші көлігімен полицейді сүйрей жөнелген
Соттың шешімімен 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынды
Құжат тексеру барысында оқиға орнынан қашпақ болған жүргізуші көлікке жартылай мініп үлгерген полиция қызметкерін 200 метрдей сүйреп өткен, деп хабарлайды polisia.kz телеграм каналы.
Оқиға 11 ақпан күні, сағат 00.35 шамасында болған. Теміртау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Бейбітшілік даңғылының бойында қызметтік көліктің арнайы дауыс шығарғыш құралы арқылы жеңіл автокөлікті тоқтатады. Көліктің 31 жастағы жүргізушісі құжаттарының жоқтығын айтады. Тәртіп сақшылары одан ішімдіктің иісін сезіп, көліктен түсуін талап етеді. Сол мезетте, жүргізуші көліктің есігін жаппай, оқиға орнынан қашпақ болады. Тәртіп сақшыларының бірі көлік салонына секіріп мінеді, бірақ бір аяғы сыртта қалып қояды. Жүргізуші тәртіп сақшысын 200 метр сүйреп, жол жиегіне шығып барып тоқтайды.
Полиция қызметкерлері жүргізушіні наркология орталығына жеткізіп, оның орта дәрежеде ішімдік ішкен күйде болғаны анықталды. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608, 613 және 667-баптарына сәйкес хаттамалар толтырылды. Соттың шешімімен 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші құқығынан айрылды.