Биыл қалада 213 мас жүргізуші ұсталған
Астана қаласының полиция департаменті ауа райына байланысты жолдағы қозғалыс қауіпсіздігіне сақ болуды ескертті. Өйткені қалада кейінгі бір тәулікте шамамен 181 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Бұл ретте жолды кез келген жерден кесіп өткен 11 жаяу жүргіншіні көлік қағып, жарақаттаған. Ал жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларынан 3 адам қаза тауып, 39 адам түрлі дәрежеде жарақат алыпты.
Елордалық полицейлер қам-қарекетсіз отырған жоқ, әрине. Олар биыл 16 мыңнан аса жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кескен. Оның ішінде 213 мас жүргізуші ұсталып, 1,5 мыңнан аса жаяу жүргіншіге айыппұл салынған.
Сондай-ақ жалған нөмірмен жүрген 13 жүргізуші және мемлекеттік нөмірі жоқ 86 көліктің иесі ұсталды.