Белгород және Курск облыстарының аумағына ұшқышсыз аппараттар жіберілді
Украина Қарулы күштері өз елінің қалаларын атқылауларына жауап ретінде Ресейдің шекаралас өңірлеріне соққы берді. Бұл туралы Moscow Times News хабарлады.
Ресей әскерлері кезекті мәрте ондаған дрон-камикадзелерді пайдаланып, Украина қалаларының инфрақұрылымдарын атқылағаннан кейін УҚК көрші елдің Белгород және Курск облыстарының аумағына ұшқышсыз аппараттарды жіберді. Соңғылардың қатарында Гуево селосында құрылысшылар бригадасы снарядтың астында қалды. Соққыдан бір адам қаза тауып, тағы бір адам дене жарақатымен Суджанск орталық аудандық ауруханасына түсті. Курск облысының губернаторы Роман Старовойт аймақта бұдан басқа адам шығыны болмағанын айтты.
Белгород облысының үш елді мекеніне шабуыл жасалған. Бірінші соққы Яковлев қалалық округіне тиді. Дрондар инфрақұрылымдық нысанға шабуылдаған. Тергеу комитеті мұның зауыт екенін айтып отыр. Оған айтарлықтай залал келтірілген болып шықты.
Бұдан кейін Шебекино қаласы мен оған жақын орналасқан Муром селосы нысанаға алынды. Үш адам жеңіл жараланды, – деді губернатор Вячеслав Гладков.
Сондай-ақ селода бір кәсіпорынның қасбеті мен шатыры бұзылған. Украин дрондары Шебекиноға үш дүркін айналып соққан. Олар өнеркәсіп зауытының территориясына соққы берген. Осыдан корпустардың бірі қирап, үйлердің терезелері ұшып кеткен. Сондай-ақ бір снаряд автобус аялдамасына түсіп, 3 автокөлікті зақымдаған.
Гладков біршама уақыттан кейін Шебекиноның «Град» ракетасымен қайтара атқыланғанын мәлімдеді. Снарядтар жеке үйдің ауласына түсіп, оның қасбетін, төбесі мен терезелерін жұлып әкеткен. Оның жанындағы шаруашылық сарайына да зиян келген. Тағы бір снаряд ешкім тұрмайтын саяжайға түсіпті.
Жақында Ресей президенті Владимир Путин Қорғаныс министрлігіне Украинамен шектесетін өңірлердің атқылануын тоқтату жөнінде бұйрық берген еді. Ал ресейліктердің өздері осының алдында Украинаны кең ауқымды бомбалауды қолға алған болатын. Әсіресе Днепропетровск және Одесса облыстары қатты зардап шекті.
Украина Бас штабының мәліметіне қарағанда, Ресей Украинаға бір күнде 106 ракета жіберіп, оның 61-ін украин әуе қорғанысы күштері атып түсірген. Мұның соңынан ресейліктер 28 дрон-камикадзе аттандырған. Бірақ украиндар олардың 22-сін жойып жіберді.