Қазақстан азаматтығын алған Каролин Чепкоеч Кипкируи Азия чемпионы атанды (ВИДЕО)
Астанада жеңіл атлетикадан құрлықтық жарыс басталды
Астана қаласында жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Х Азия чемпионаты басталды.
Жарыстың бірінші күні еліміздің спортшылары үздік нәтиже көрсетіп, құрмет тұғырынан көрінді.
Кешкі сессияның алғашқы финалында Қазақстан қоржынына бірінші медаль түсті. Еліміздң азаматтығын алған Каролин Чепкоеч Кипкируи 3 мың метрге жүгіруде мәреге бірінші келіп, чемпион атанды. Ол мәреге 9 минут 01.98 секундта жетті. Оның соңынан қытайлық Уга Хэ келіп, күміс жүлде алды. Одан кейін жапония Юма Йамамото төбе көрсетіп, қола медальге ие болды.
400 метрге біліктілік анықтау жарысында отандастарымыз мәре сызығын бірінші болып кесті. Михаил Литвин 46.97 нәтижесімен, Вячеслав Земс 47.32 нәтиже көрсетіп, Азия чемпионатының финалына жолдама алды. Финал 11-ақпан күні сағат 20.15-те өтеді.
Ерлер арасында ядро лақтыруда үнді Тажендерпал Сайд Тур 19.49 метр нәтижесімен бірінші орынды жеңіп алды. Каранвир Сайд 19.37 метр нәтижесімен екінші орынды иеленді. Қытайлық Чжен Сиаодон 18.85 метр нәтижесімен үздіктер көшін қорытындылады.
Әйелдер арасындағы бессайыс қорытындысы бойынша өзбекстандық Екатерина Воронина 862 ұпаймен бірінші орын, үндістандық спортшы екінші, ал жапон Юки Ямашаки 846 ұпаймен үшінші орынды иеленді.