Бүгінде 50 тонна жүк жіберілген
Қазақстан жойқын зілзаладан зардап шеккен Сирияға 160 млн теңгенің гуманитарлық көмегін жібереді. Бұл туралы Cыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетеді. Көмек штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының желісі бойынша Ислам ынтымақтастық ұйымы шеңберінде беріледі. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 160 млн-нан аса теңге бөлінді, - деді ресми өкілі.
Алғашқы гуманитарлық көмектің бір бөлігі бүгін Сирияға жіберілді.
Жалпы салмағы 50 тонна азық-түлік, жылы киім, шатырлар мен төсек-орындар жабдықтары түріндегі көмек Қазақстанның арнайы ұшақтарымен Сирия Араб Республикасының аумағына жеткізіледі. Бүгін бірінші ұшақ Алматыдан Сирияға ұшып шықты, - деді Смадияров.
Оның айутынша, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының басшылығы Қазақстанның Ливандағы елшілігі мен Қазақстанның Сириядағы консулдығының көмегімен Алеппо қаласында Сирияның уәкілетті өкілдеріне гуманитарлық жүкті тапсырады.