×

Петропавлдағы жылу электр орталығында жаңа мұржа салынуы мүмкін

ЖЭО-да болған апатқа байланысты оның директоры мен бас инжинері қамауға алынды

 Самат Жақып 25.03.2022 | 16:24
фото: Halyq Uni

Петропавлдағы жылу электр орталығында опырылып түскен мұржаның орнына жаңасы салынуы мүмкін. Бұл туралы «СевКазЭнерго» АҚ бас директоры Михаил Косачёв мәлімдеді.

Оның айтынша қазір ЖЭО-да тексеріс жүріп жатыр. Сондықтан соңғы шешім сараптама қорытындысына сәйкес қабылданады. Егер ескі мұржаны қайта қалпына келтіруге жарамаса, ол сүріледі. Ол үшін қазірдің өзінде Қазақстаннан бөлек шетелдік мамандармен арнайы көліссөздер жүргізіп жатыр.

Айта кету керек, құлаған түтін мұржасы 2017 жылы күрделі жөндеуден өткен. Ол үшін компания -56 миллион теңгедей қаржы жұмсаған. Бірақ былтыр ол тағы тексерістен өтуге тиіс еді.

«Жылу орталығының бұрыңғы басшылары неліктен өткен жылы техникалық тексеріс жүргізбегенін нақты айта алмайын. Себебі олар өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Ал ЖЭО жаңа бас инженері биыл ақпан айында, ал директоры былтыр мамыр айында жұмысқа кіріскен еді. Оның өзінде олар қазір қамауа отыр. Қазір 5 қазандық пен 4 турбина жұмыс істеп тұр. Алдағы бірнеше күнде тағы екеуі іске қосылады», - деді «СевКазЭнерго» АҚ бас директоры Михаил Косачёв.

ЖЭО - ӨҢІРДЕ АУАНЫ ЕҢ КӨП ЛАСТАЙТЫН КӘСІПОРЫН

Бүгін Экология министрлігінің өкілдері апат болған ЖЭО-ға барды. Стратегиялық нысан өңірде ауаны ең көп ластайтын кәсіпорындардың бірі болып шықты. Бүгінде атмосфераға таралатын зиянды қалдықтардың 70 проценті осы орталықтан шығады екен. Бұдан бөлек стратегиялық нысаннан жыл сайын бір миллион тоннадан астам күл шығарылады.

«Қазір көмір қалдықтары үйіліп, қоймада жатыр. Оны тиімді пайдалану жолдарын қарастыруымыз керек. Мәселен, Қарағанды облысында қалдықтар жол құрылысы мен цемент өндірісі үшін қолданылады. Ал, мұнда еш кәдеге жарамайды. Үлкен мәселе. Сондықтан кәсіпорын басшылығы осыны қолға алуға тиіс», - дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы Зұлпыхар Жолдасов.

ЖЭО мұржасы құлаған соң мамандар кәсіпорын аумағында тексеріс жүргізген. Мамандардың айтуынша, апат болған кәсіпорынның қазіргі уақытта экологияға тигізер қаупі жоқ. Ауаны ластайтын заттардың нормадан жоғары емесі анықталған.

ЖЭО БАСШЫЛЫҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАРДЫ УАҚЫТЫНДА РЕТТЕМЕГЕН

Петропавл жылу электр орталығының бұрынғы басшылары осыған дейін жүргізілген тексеріс кезінде анықталған олқылықтарды уақытында реттеп отырмаған. Мәселен «Павлодартехэнерго» ЖШС-нің 13.11.2020 жылғы жүргізген сараптамасы нәтижесіне сәйкес мұндағы №1-5 қазандықтарымен №3, 6 және 7 турбиналарының жабдықтары әбден тозғаны анықталған.

Бұған қоса, былтыр Энергетика министрлігіне қарасты атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысын бойынша аумақтық департаменті «СевКазЭнерго» АҚ Петропавл ЖЭО-да 31 профилактикалық бақылау негізінде жоспардан тыс бір рет тексеріс жүргізген. Нәтижесінде монополист компанияға биыл қаңтардың 17-не дейін барлық заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым беріліп, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған. Яғни, мұндағылар технологиялық бұзушылықтар жайлы ақпаратты жауаптыларға уақытылы ұсынбаған. Салдарынан монополист компанияға 400 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Бүгінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 811- бабының 1-тармағына сәйкес санкцияда көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы, яғни 612 600 теңге төленді. Айыппұл толықтай мемлекет кірісіне өндіріп алынған.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Петропавлдағы ЖЭО-дағы түтін шығатын мұржалардың бірі құлаған болатын. Биіктігі 150 мерт болатын нысанның 40 метрге жуығы әбден ескіріп, опырылып түскен.

ЖЭО-да болған апатқа байланысты оның директоры мен бас инжинері ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Сондай-ақ апат салдарынан 38 жастағы әйел қайтыс болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама