Павлодар облысында өрттің кесірінен бес бала уланып қалды

Дастан Жұмабекұлы

Тілсіз жау 12 шаршы метр жерді шарпыған

фото: ашық дереккөз

Ақсу қаласындағы көпқабатты үйдегі өрттен 5 бала зардап шекті.

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға 9 ақпан күні болған. Сағат 17:55-те 101 нөміріне Ақсу қаласындағы Астана көшесінде орналасқан үйлердің бірінен өрт шыққаны жайында хабарлама түскен.

Өрт шыққан жерге жеткен құтқарушылар бес қабатты тұрғын үйдің 1-қабатындағы 2 бөлмелі пәтердің жатын бөлмесінде жеке заттар мен жиһаз жанып жатқанын анықтады. Жалын 12 шаршы метр жерді шарпыған.

Оқиға орнынан 7 адам эвакуацияланды. Жедел жәрдем бригадасы Ақсу қаласындағы орталық ауруханаға 3 ересек және 6 баланы жеткізді. Кейін 5 бала орташа уланумен ауруханаға жатқызылды, –  делінген хабарламада.

Өрт сағат 18:44-те толықтай сөндірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің 8 техникасы мен 16 қызметкері тартылды.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.