Павлодар облысында өрттің кесірінен бес бала уланып қалды
Тілсіз жау 12 шаршы метр жерді шарпыған
Ақсу қаласындағы көпқабатты үйдегі өрттен 5 бала зардап шекті.
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға 9 ақпан күні болған. Сағат 17:55-те 101 нөміріне Ақсу қаласындағы Астана көшесінде орналасқан үйлердің бірінен өрт шыққаны жайында хабарлама түскен.
Өрт шыққан жерге жеткен құтқарушылар бес қабатты тұрғын үйдің 1-қабатындағы 2 бөлмелі пәтердің жатын бөлмесінде жеке заттар мен жиһаз жанып жатқанын анықтады. Жалын 12 шаршы метр жерді шарпыған.
Оқиға орнынан 7 адам эвакуацияланды. Жедел жәрдем бригадасы Ақсу қаласындағы орталық ауруханаға 3 ересек және 6 баланы жеткізді. Кейін 5 бала орташа уланумен ауруханаға жатқызылды, – делінген хабарламада.
Өрт сағат 18:44-те толықтай сөндірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің 8 техникасы мен 16 қызметкері тартылды.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.