Halyq Uni логотип
×

Ресей әскері Луганск облысында кең ауқымды шабуыл бастады

Бірақ әзірше оларға табысқа жетудің орайы келмей тұр

 Дастан Жұмабекұлы 10.02.2023 | 09:00
Ресей әскері Луганск облысында кең ауқымды шабуыл бастады
фото: radio1.news

Ресей Қарулы күштері Украинаның Луганск облысында кезекті кең ауқымды шабуылына кірісіп кетті. Бұл туралы Moscow Times News хабарлады.

Қазір Ресей әскері Харьков облысының әкімшілік шекарасына жақын жердегі Сватово-Кременная желісінің бойымен шабуыл нөпірін күшейте түсті. Мұны АҚШ-тың Соғысты зерттеу институты (ISW) өзінің кезекті есебінде хабарлады.

Осы үшін Ресей әскери командованиесі 144-ші және 3-мотоатқыштар дивизиясының (Батыс әскери округі, - ред.) бірнеше полкының бөлімшелері мен Оңтүстік әскери округінің әуе-десант дивизиясы мен анықталмаған бөлімдерінің қолдауы арқылы 90-танк дивизиясының полкын іске қосқан. Қазір олар украин қорғанысын бұзып өтуге әрекет етіп жатыр. Бірақ әзірше оларға табысқа жетудің орайы келмей тұр. Мейлінше қатты текетірес Сватовоның солтүстік-батысында – Купянскіге жақын жерде және Кременнаяның батысы маңында болып жатыр.

Сондай-ақ ISW Ресейге бұл бағытта өткен жылдың тамызында қолдан шығарып алған тізгінді қайтарып алудың орайы келгенін мәлімдеді. Алайда шабуылды бастау оның табыспен аяқталатынына кепілдік бере алмайды. Ресей бұрынғысынша бұл шайқастарда да адам күші мен техника жағынан өте көп шығынға ұшырап жатыр. Мұның өзі Украинаның тағы да сәтті қарсы шабуыл ұйымдастыруына мүмкіндік береді.

7 ақпанда Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов Ресей әскерінің соғыстың басталғанына бір жыл толуына орай өз азаматтарына әлдеқандай бір табысқа жеткендерін көрсету үшін алға қарай ұмтылатынын айтқан еді.

Украина Бас басқармасының өкілі Андрей Червяк Ресей президенті Владимир Путиннің наурызға дейін бүкіл Луганск және Донецк облыстарын басып алуға бұйрық бергенін мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама