Түркияда зілзаладан қаза тапқан қазақстандықтың кім екені белгілі болды
Құтқарушылар қирандыдан Әділ Қадырбековтің денесін алып шықты
Сыртқы істер министрлігі үйінді астынан мәйіті табылған отандасымыздың кім екенін анықтады. Марқұмның денесі елімізге жеткізіледі.
Ведомствоның хабарлауынша, кеше 8 ақпанда жоғалған қазақстандықтармен бірге болған Түркия азаматы Кубилай Кескиннің тірі табылғаны айтылған болатын. Алайда туыстары бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Бүгін 9 ақпанда таңертең жалғасқан іздестіру кезінде түрік азаматы өлі табылды. Ол Кубилай Кескин болып шықты. Туыстары оны растады. Сондай-ақ үйінді астынан өлі табылған қазақстандық Әділ Қадырбеков екені анықталды. Сыртқы істер минитрлігі Қазақстан азаматының денесін отанына жеткізуге көмек көрсетеді», – делінген хабарламада.
Біздің құтқарушылар жоғалып кеткен Мирболат Құрмашевты іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бұған дейін үйінді астынан қазақстандықтың денесі табылғаны хабарланды.