Құтқарушыларымыз барынша тиімді жұмыс істеп жатыр
Қазақстандық құтқарушылар Түркияның Хатай провинциясында үйінді астынан жерлесіміздің денесін тапты, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Құтқарушыларымыз Хатай провинциясындағы ең қиын учаскелердің бірінде іздеу жұмыстарын жалғастыруда.
Іздеу объектісі – толығымен қираған алты қабатты үй, үйіндінің көлемі 18 мың м3 асады.
Жедел ақпарат бойынша Қазақстанның бір азаматының денесі табылып, үйінді астынан шығарылды, – делінген хабарламада.
Құтқарушылардың жұмысына көптеген үйінді, тұрақсыз құрылымдар қиындық тудыруда. Соған қарамастан құтқарушыларымыз барынша тиімді жұмыс істеп жатыр.
Бұған дейін отандастарымыз осы объектіде Түркияның екі азаматының денесін тапқан болатын.
Қазір Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 14 014, жараланғандар саны 63 794-ке дейін жетті.