×

Елімізде шетелдік университеттің филиалы ашылады

Бұл өңірдегі ЖОО-лардың беделін арттыруға мүмкіндік береді

 Дәурен Ерболат 09.02.2023 | 16:23
Фото: hw.ac.uk

Қазақстанда Шотландияның ең көне техникалық университетінің филиалы ашылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл қыркүйекте Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің базасында Heriot-Watt University филиалы ашылады. Ол өңірлік жоғары оқу орындарының мәртебесін арттыруға, еңбек пен академиялық көші-қонды нығайтуға мүмкіндік береді, - деді министр Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында.

Саясат Нұрбек президенттің Қазақстанда 2025 жылға дейін шетелдік ЖОО-лардың 5 филиалын ашу туралы тапсырмасын еске салды.

Былтыр шетелдік университеттердің 3 филиалын аштық. Оның бірі – Аризона университеті. Облыс тарихында алғаш рет америкалық университет Петропавлда толық филиалын ашты. Мұнда 8 облыстан адамдар оқуға келді, - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, Heriot-Watt University – Шотландияның ең көне техникалық университеті. Ол Эдинбург қаласында орналасқан. ЖОО-да 29 мыңнан аса студент білім алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама