Ақтауда тұрғындардан 7 млн теңгені алдап алған «кәсіпкер» ұсталды

Дәурен Ерболат

Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр

Фото: РИАМО

Ақтауда полиция өзін жеке кәсіпкермін деп таныстырып, тұрғындарды 7 млн теңгеге алдаған күдіктіні ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Қалалықтар полицияға өздерінің жеке кәсіпкерге алданып қалғанын айтып, шағым түсірген.

Алаяқтық жасаған әйел тұрғындардың сеніміне кіріп, олардан жеміс-жидек және балық өнімдерін алды. Алайда оның ақшасын бермеді. Жәбірленушілерге келтірілген залал сомасы – 6,9 млн теңге, - деп жазылған хабарламада.

Криминалдық полицейлер республикалық Anti fraud жедел алдын алу іс-шарасы барысында 37 жастағы күдіктіні ұстады.

Бұл факті Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша Ақтау қаласы полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді, - деп жазылған хабарламада.

Өзге мәлімет тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды.