Қазақстанда 500-ге жуық гидротехникалық құрылыс жөндеуді талап етеді
Су қоймалары 60-75%-ға толған
Елімізде 500-ге жуық гидротехникалық құрылысты жөндеу керек. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Галидулла Азидуллин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгінде Қазақстанда барлығы 1 806 тірек гидротехникалық құрылыс бар. Республикалық меншікте – 536, коммуналдық меншікте – 1011, жеке меншікте – 239, иесіз – 20.
Биыл қаңтардағы жағдай бойынша 1 322 гидротехникалық құрылыс зерттелді. 471 нысанның жөндеуді талап ететіні анықталды. Оның 327–сі коммуналдық меншікте. Республикалық меншікте – 94, жеке меншікте – 44, алтауы – иесіз, - деді Галидулла Азидуллин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министр еліміздегі ірі су қоймалардың орташа толу көрсеткіші 60-75% екенін атап өтті.
Ірі су қоймаларына ағынның күтілетін көлемі – норма шегінде. Барлық су қоймасында су қабылдауға арналған бос көлем бар. Су қоймалары бекітілген жұмыс режиміне сәйкес жұмыс істеп жатыр, - деді министрдің орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін ШҚО-да 2 су қоймасы апатты жағдайда тұрғаны хабарланған еді.