Halyq Uni логотип
×

ШҚО-да 2 су қоймасы апатты жағдайда тұр

Нысандарда су жиналмайды

 Дәурен Ерболат 08.02.2023 | 16:15
ШҚО-да 2 су қоймасы апатты жағдайда тұр
Фото: Getty Images

Шығыс Қазақстан облысында апатты жағдайда тұрған 2 су қоймасы бар. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Галидулла Азидуллин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, елімізде 10 ірі су қоймасы бар.

Бүгінде барлық гидротехникалық құрылғылар, оның ішінде барлық су қоймасы тексеруден өткізілді. Ондағы мәселе «Қазсушар» РМК-ның мамандарымен ғана емес, бассейндік инспекциялар және Төтенше жағдайлар министрлігімен қаралды, - деді министрдің орынбасары ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Галидулла Азидуллин апатты жағдайда тұрған су қоймалары барын жасырмады.

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында авариялық жағдайда тұрған 2 су қоймасы транзиттік режимге қойылды. Бұл су қоймаларында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен су тасқыны апаты болмауы үшін олар транизиттік режимге қойылды. Онда су жиналмайды, - деп атап өтті вице-министр.

Сондай-ақ ол шығыста су тасқыны қаупі сақталатынын да жеткізді.

«Су басу қаупі Шығыс Қазақстан облысында бар. Алайда бүгінде оны нақты айту қиын. Себебі негізгі болжам наурызда шығады. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп, жағдай бақылауға алынған», - деді Галидулла Азидуллин.

Қазақстандағы ірі су қоймалары төмендегідей:

  • Бұқтырма, Шүлбі – Шығыс Қазақстан облысы;
  • Астана, Селеті, Чаглинка – Ақмола облысы;
  • Самарқанд, Ынтымақ, Шерубай-Нұра су қоймасы – Қарағанды облысы;
  • Жоғары Тобыл, Қаратомар – Қостанай облысы.

Айта кетейік, бұған дейін 255 елді мекенге су тасқыны қаупі төніп тұрғаны хабарланған еді. Сондай-ақ Түркістан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төленетіні белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама