Түркияға тартылған қазақстандық құтқарушылардың жалпы саны 100 адамды құрайды
Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушыларының тағы бір борты жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейту үшін Түркияға ұшады. Тиісті тапсырманы президент Қасым-Жомарт Тоқаев берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі минитсрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, екінші эшелон құрамында жеке құрамнан 60 адам, олардың ішінде ТЖМ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, кинологтар бар.
ТЖМ жедел әрекет ету күштерінде авариялық-құтқару құралдары мен жабдықтардың 150-ге жуық және дәрі-дәрмектердің 160-тан астам түрі бар.
Жер сілкінісінің салдарын жою жөніндегі орталық штабпен келісе отырып, Қазақстан ТЖМ екінші тобы Газиантеп қаласындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қосылатын болады. Түркияға тартылған қазақстандық құтқарушылардың жалпы саны 100 адамды құрайды.
Министр Юрий Ильин құтқарушыларды жөнелтудің алдында нұсқаулық өткізді. Ол құтқарушыларға адамдарды іздеу және құтқару бойынша жауапты міндеттер жүктелгенін, сондай-ақ Түркия азаматтарының жер сілкінісінің салдарымен тезірек күресу мүмкіндігіне деген үмітін атап өтіп, құтқарушыларға туыстары мен жақындары арасына аман-есен оралуын тіледі.
Министрлік Түркияға жіберілген қазақстандық құтқарушылар тәжірибелі мамандар болып табылатынын, олардың азаматтарды құтқаруда және әртүрлі төтенше жағдайларды жоюда практикалық дағдылары мол екендігін жеткізді.