Енді патрульдік полицейлер жүргізушілерді тоқтата бермейді – ІІМ
Жол ережесін бұзғандар автоматты түрде анықталады
Қазақстанда патрульдік полицейлер жолда жүргізушілерді жиі тоқтатпайтын болды, деп хабарлады Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігі саланы цифрландырып жатыр. Бүгінде жол ережесін бұзудың 60%-ы автоматты түрде анықталады. Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы көрсеткіш бұдан да көп – 86%. Қазақстан бойынша 18 мыңнан аса стационарлық камера орнатылған.
Қала сыртындағы жолдарды патрульдік көліктерде орнатылған автоматты бағдарламалық кешен бақыланады. Қазір еліміз бойынша осындай 60 жылжымалы құрылғы жұмыс істеп тұр.
Жол жүрісі қағидаларын «қасақана бұзушыларды» және «қауіпті жүргізушілерді» анықтау үшін ІІМ өткен жылы «Қорғау» бағдарламасын іске қосты. Оның көмегімен жалған нөмірлі, сақтандыруы жоқ, іздеуде жүрген көліктерді, сондай-ақ автомобильді жүргізу құқығынан айырылған, жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатын және айыппұл төлемейтін жүргізушілерді анықтауға болады, – деп жазылған хабарламада.
Құқық бұзушы туралы барлық ақпарат камералардан Жедел басқару орталығының операторына және жақын маңдағы патрульдік полицейдің планшетіне жіберіледі. Яғни, бұрынғыдай барлық көлікті қатарынан тоқтатудың қажеті жоқ. Өйткені жүйенің өзі полицияға жүргізушілердің қайсысы жолда «қауіпті» екенін көрсетеді.
Цифрлық технологиялардың арқасында полицейлер қоғамдық қауіпсіздікті қорғап, заңбұзушылармен күресті күшейтті.
Тәртіп сақшыларын техникалық тұрғыдан жарақтандыру да белсенді жүргізіліп жатыр. Бүгінде әрбір патрульдік қызметкер жеке бейнежетонмен жабдықталған.
Астана, Алматы және Петропавлда бейнежетондар арнайы заманауи мобильді бейнекешенге ауыстырылды.
Мұндай «смартжетондарды» пайдалану:
- Бейнені немесе дыбысты өз бетінше өшіруді болдырмауға;
- Онлайн режимінде жағдайды көру үшін қашықтан қосылуды жүзеге асыруға;
- ЖБО офицерлері мен басшыға қызметкердің нақты орналасқан жерін және патрульдің маршруттан ауытқып кетпеуін қадағалауға мүмкіндік береді.
Цифрлық технологиялардың көмегімен полиция қызметкерлері еңбектің өнімділігін арттырып, сыбайлас жемқорлықты азайтты.