Шерушілер «Басқыншылар, Украинадан табандарыңды жалтыратыңдар!» деп те айқайлады
Жапонияның астанасы Токио қаласында жергілікті халық шеруге шығып, Ресей Федерациясынан Куриль аралдарын қайтаруды талап етті. Бұл туралы Kyodo News хабарлады.
Жапон астанасында ел Үкіметінің демеушілік етуімен жұрттың Ресей елшілігі алдындағы шеруі өтті. Іс-шара жыл сайын 7 ақпанда өтіп тұратын Солтүстік территорияларды қайтару күніне орай болды.
1855 жылы осы күні Жапония мен Ресей арасында сауда, теңізде жүзу және шекараны демилитация жасау жөнінде келісімшарт жасалып, онда Курильдің 4 аралы түгел Жапония қарауына өткен еді.
Кеңес Одағы бұдан 77 жыл бұрын заңсыз оккупациялап алған солтүстік территориялардың әлі күнге дейін қайтарылмай отырғаны мүлде ақылға сыймайды, – делінген жапон Үкіметінің мәлімдемесінде.
Елшілік үйіне барар жолға полицияның күшейтілген жасағы қойылған. Олардың арасында арнайы мақсаттағы жасақ та бар.
Бұған дейін, 2019-2020 жылдары осы тақырыпта шеруге шыққандар сөздерінде «заңсыз оккупация» деген тіркес қолданылмаған еді. Шамасы, Үкімет ол кезде Мәскеумен арадағы қарым-қатынасты бұзып алудан жасқанса керек. Онда премьер-министр Синдзо Абэ осы таласты шешуді өзінің басты мақсаттарының бірі етіп алға қойған болатын.
Жапония Үкіметі жапон армиясы Екінші дүниежүзілік соғыста 1945 жылдың 15 тамызында капитуляция жасағаннан кейін көп ұзамай КСРО Хоккайдо жағалауындағы Куриль аралдары шоғыры – Итурупты, Кунаширді, Шикотанды және Хабомаи аралдарын заңсыз басып алды деп есептейді.
Сондай-ақ шерушілер «Басқыншылар, Украинадан табандарыңды жалтыратыңдар!» деп те айқайлады. Тағы бір автокөліктерде украин жалауы желбіреп тұрды.
2022 жылдың күзінде Украина президенті Владимир Зеленский әлем қауымдастығына үндеу арнап, Жапонияға қарайтын Куриль аралдарын Ресейдің жаулап алғанын мойындауға шақырған болатын.