×

Түркияның 10 провинциясында 3 айға төтенше жағдай режимі енгізілді

Түркия президенті соңғы мәлімет бойынша, Түркияда жер сілкінісінің құрбаны 3 549 адам болғанын, 22 168 адам жарақат алғанын айтты.

 Халық үні 07.02.2023 | 19:50
Фото: AP Photo / Mahmut Bozarslan

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жойқын зілзаладан зардап шеккен 10 провинцияда 3 айға төтенше жағдай режимін енгізгенін жариялады, деп хабарлайды Анадолу агенттігі.

Түркия президенті соңғы мәлімет бойынша, Түркияда жер сілкінісінің құрбаны 3 549 адам болғанын, 22 168 адам жарақат алғанын айтты. Үйінділер астынан сегіз мыңнан астам адам құтқарылған.

«Біз Түркия тарихындағы ғана емес, тұтас аймақ пен әлемдегі ең үлкен апаттардың біріне тап болдық. Апат аймағында жұмыс істеу үшін барлық мемлекеттік құрылымдар, қызметкерлер мен техникалар жұмылдырылды. Бірінші кезеңде апат аймағының тұрғындарына шұғыл көмек көрсетуге 100 млрд лира бөлінді», - деді Р. Ердоған.

Зілзала аймағына 54 мың шатыр, 102 мың кереует, бастапқы қажетті заттар, 1000-ға жуық жедел жәрдем вагондары, екі санитарлық ұшақ жіберілді. Он провинцияның тұрғындарына 5 мың медициналық қызметкер көмектесіп жатыр.

Ердоғанның айтуынша, апат аймағында 53 317 құтқарушы жұмылдырылды. Олардың саны Түркия мен басқа елдердің командаларының арқасында күн санап артып келеді. Сондай-ақ, Түркия президенті алапат жер сілкінісінің салдарын жоюда ынтымақтастыққа шақырды.

«Біз жалған ақпарат пен фейк арқылы қоғамға алауыздық тарату әрекеттерін көріп отырмыз. Барлығы үшін уақыты келгенде жауап аламыз», - деді Р. Ердоған.

Сонымен бірге, президент Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдай салдарын болдырмау және жою басқармасының (AFAD) банктік шоттарына түрік лиралары мен шетел валютасындағы қаражат аударылғаны үшін комиссия алынып тасталғанын айтты.

Айта кетсек, Түркияның оңтүстік-шығысындағы Газиантеп провинциясында 6,4-6,6 магнитудалы, кейін 7,4 магнитудалы қуатты жер сілкінісі болды.

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Алматыдан Түркияға аттвнды. Оның құрамында Қазақстанның республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер және қызметтік иттер бар.

Қазақстандық құтқарушылар мінген ұшақ Түркияның Газиантеп қаласына қонды.

Қазақстан Түркияның зардап шеккен аудандарына жіберу үшін дәрігерлер бригадасын құрып, дайын отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама