Жанкүйерлер Томирис Нұржан мен Әмір Омархановтың ойынын жақсы бағалады
Теннисшілер Томирис Нұржан мен Әмір Омарханов халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
Томирис Нұржан Испанияның Барселона қаласында өткен Open Banc Sabadell U-14 Champion турнирін жеңіп алса, Әмір Омарханов Қарағандыда төртінші санаттағы ITF Juniors турнирінің бас жүлдесін иеленді.
Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, Томирис Нұржан финалда жергілікті ойыншыны 6:4, 6:2 есебімен жеңген. Жеңімпазға сыйлықты Каталония мэрі тапсырып, оның жеңіске деген жігерін атап өтіп, отандасымызды қолдауға дайын екендігін айтқан.
Осы жеңісінің арқасында Томирис Нұржан 8 үздік теннисшімен бірге сәуір айында Барселонада өтетін жарыста өнер көрсетеді. Бұл дода ATP 500 турнирімен қатар өтеді. Томирис Нұржан – 14-те. Ал 15 жастағы Әмір Омарханов финалда Ілияс Маратұлын 3:6, 7:5, 6:1 есебімен ұтты. Осыдан кейін ITF Juniors турнирінің жұптық сында Әдемі Аманкелді ресейлік Софья Гапанковамен бірге финалда ресейліктер Зоя Левина мен Анастасия Рожкованы тізе бүктірді.