Ол бүгіннен бастап жаңа жұмысына кіріседі
Экс-министр Асхат Аймағамбетов М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетіне оқытушы ретінде қабылданды.
2019–2022 жылдары Білім және ғылым министрі, 2022-2023 жылдары Оқу-ағарту министрі болған Асхат Аймағамбетов бүгіннен бастап М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінде дәріс оқиды.
Түрлі ұсыныстар бар, тиісті жоспарларым бар екенін де жасырмаймын. Сұхбатта да айттым. Ол туралы нақты бір-екі күнде белгілі болады. Бірақ оқытушылық жұмысты қандай қызмет болса да бірге алып жүруге болады, сондықтан ағартушылық еңбегімді осылай бірге алып жүріп жалғастырамын, – деді Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, Асхат Аймағамбетов 1982 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген.
2003 жылы Ебіней Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің тарих факультетін тарихшы, тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған.
2006 жылы Қарағанды «Болашақ» актуалды білім беру институтының заң факультетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтады.
Еңбек жолын 2002 жылы Ебіней Бөкетов атындағы ҚарМУ-ден бастады.
2004-2005 жылдары «Аңсар» жастар лигасы» ҚБ төрағасы болды.
2005-2006 жылдары «МЕДИА СП» ЖШС-нің директоры, 2006-2012 жылдары ҚарМУ саясаттану және әлеуметтану кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті қызметтерін атқарды.
2012-2014 жылдары Нұра ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
2014 жылғы ақпаннан бастап, 2017 жылғы тамызға дейін Қарағанды облысы Білім беру басқармасының басшысы.
2017 жылғы тамыздан бастап 2019 жылғы қаңтарға дейін Білім жəне ғылым вице-министрі.
2019 жылғы 13 маусымнан бастап Білім және ғылым министрі.
2022 жылғы 11 маусымда Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды.
Министр лауазымына тағайындалғанға дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды.
2003-2012 жылдары Қарағанды қалалық мәслихаты III және IV шақырылымдарының депутаты, қала мәслихатының әлеуметтік мәселелер бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы болып сайланған.