Жазғы Спартакиада: еркін күрестен жеңімпаздар анықталды

Дастан Жұмабекұлы

Бүгін тағы 5 салмақта үздіктер белгілі болады

фото: Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы

Алматыда өтіп жатқан VI жазғы Спартакиадада балуандардың белдесулері жалғасып жатыр. Еркін күрес шеберлері бозкілемде 5 салмақта үздіктерді анықтады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы хабарлады.

Апта басындағы бәсекеде бірнеше сенсация тіркелді. Атап айтқанда, ұлттық құрамадағы 74 келіге дейінгі салмақта көшбасшының бірі, 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы Нұрқожа Қайпанов жартылай финалда Дархан Есенғалиден жеңіліп қалды. Бұл айқас жайлы Дархан Есенғалидың өзі кездесуге арнайы дайындалғанын, осыған дейін одан 4 рет ұтылғанын айтып, биылғы Спартакиада намысқа тырысып, жеңіске жеткенін атап өтті.

Нұрқожамен болатын кездесуге арнайы дайындалдым. Осыған дейін одан төрт рет ұтылдым. Ал бүгін сәтін салып, жеңіске жеттім. Бәрі бапкерлер қойып берген тактика мен жақсы дайындықтың арқасы, –  деді ол.

Ол финалда тәжірибелі балуан, 2016 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжановтың да осал тұсын тауып, алғаш рет Спартакиада чемпионы атанды. 

Ал басқа салмақтарда мына балуандар құрмет тұғырына көтерілді:

57 кг:

1. Рахат Қалжан (Жамбыл облысы)

2. Мейрамбек Қартбай (Ақтөбе облысы)

3. Абзал Окенов (Астана), Ернұр Қабатаев (Павлодар облысы)

65 кг:

1.Санжар Мұхтар (Жамбыл облысы)

2. Рифат Сайботалов (Павлодар облысы)

3. Ілияс Аманжолов (Астана), Тимур Айтқұлов (Қостанай облысы)

74 кг:

1. Дархан Есенғали (Шымкент)

2. Нұрлан Бекжанов (Астана)

3. Қанат Мұсабеков (Қызылорда облысы), Мұрат Джакупов (Ақмола облысы)

86 кг:

1. Азамат Дәулетбеков (ШҚО)

2. Мақсат Сатыбалды (Шымкент)

3. Есқали Дәулетқазы (Алматы облысы), Мейір Көшкінбаев (Абай облысы)

97 кг:

1.Бекзат Үркімбай (Астана)

2. Нұрсұлтан Азов (Ақмола облысы)

3. Серік Бақытханов (Қарағанды облысы), Мамед Ибрагимов (Павлодар облысы)

Бүгін еркін күрестен қалған 5 салмақтағы балуандар күш сынасады.