Әкімдіктердің тиімді жұмысын көріп отырғанымыз жоқ – Смайылов

Динара Амантай

Үкіметте азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөніндегі шаралар қаралды

Фото: t.me/KZgovernment

Бүгін Үкіметте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандырудың жаңа тәсілдері талқыланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиын барысында премьер-министр Әлихан Смайылов биыл инфляция деңгейін 9,5%-дан асырмау қажеттігін атап өтті.

 Бұған қол жеткізуге әбден болады. Тек бұл үшін барлық өңірдің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе, маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмыс қажет. Сіздерде қажетті құралдардың бәрі бар. Біз өткен жылғы егіннен қажетті қор жинақтап алдық. Сондықтан белгіленген бағамен көкөніс өнімдерінен тапшылық болмауы тиіс еді. Әкімдіктерге бағаны ұстау үшін қажетті тетіктердің барлығын бердік. Қаржы да бөлінді. Бірақ баға бәрібір өсіп жатыр. Әкімдіктердің тиімді жұмысын көріп отырғанымыз жоқ, – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтамай тұрғанын айтты.

Мәселен, өңірлерге пияз бойынша келісім-шарт жасау тапсырылды. Әкімдер өнім көлемі жеткілікті деп бірнеше рет айтты. Онда пияз неліктен қымбаттайды? Біздің елімізде пияз көп өседі. Алайда бағаны төмендету үшін пияз экспортына тыйым салып, шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Біз бірінші кезекте өнім өндірушілерді қаржыландыру үшін форвардтық сатып алу механизмдерін қайта қарадық. Алайда әкімдіктер жеткізушілерге қаржы бөлуді доғарар емес. Өкінішке қарай, ол делдалдарды көбейткеннен басқа нәтиже беріп отырған жоқ. Өңірлерге тиімді бағамен тұрақтандыру қорларын толтырып алуға мүмкіндік берілді. Бірақ атқарылған жұмысты көре алмай отырмыз, – деді премьер-министр.

Сонымен бірге, Үкімет басшысы өңірлерде бағаны тұрақтандыру үшін құрылған комиссиялардың жұмысы нәтижесіз екендігін айтып, міндеттердің орындалмауына қатысты тиісті шешімдер қабылданатынын ескертті.

Барлық әкімдікке өңірлік комиссиялардың жұмысын жақсарту үшін алгоритмдер мен ұсыныстар жіберілді. Алайда өңірлерді комиссия отырыстарын өткізуге «қинағандай етіп» мәжбүрлеп отырмыз. Оның өзі де ешқандай нәтиже беріп отырған жоқ. Азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды негізгі міндеті. Жұмысқа немқұрайлы қарау болса және нәтиже шықпаса, тиісті шешімдер қабылданады, – деді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Сауда министрі қымбатшылық шарықтаған өңірлерді атаған еді.