Көршілерінің сөзінше, ер адам құмар ойынына әуес болған
Астанада ер адам төрт жасар жиенін 7-ші қабаттың терезесінен лақтырып, әйелінің анасын пышақтап тастады. Осы қылмысты жасап болғаннан кейін өзі де терезеден секірген. Көршілерінің сөзінше ер адам құмар ойынына әуес болған. Мойнында миллиондаған қарызы бар екен, деп хабарлайды Астана арнасы.
Қайғылы жағдай болған кездәйелі де үйде болған. Ол ашуға мінген күйеуінен сытылып шығып, астыңғы қабаттағы көршілерінен көмек сұраған. Бірақ олар келген кезде бәрі де кеш еді.
Оқиға «Хабар» деп аталатын тұрғын үй кешенінде болған. Отбасылық жанжалдың соңы үш адамның өліміне алып келді.
Бұл жағдайдың куәсі болған әйел бірден көргенін желідегі парақшасында жазған. Ол бірінші қабат тұрғыны. Бірінші болып өзінің терезесінің түбінде жатқан баланың денесін көрген. Артынша әбден таяқ жеп, үсті малмандай қан болған әйел одан көмек сұрап келген.
«Таңғы бес шамасында есігімді қақты. Ашсам, үсті қан, денесі әбден таяқталған әйел тұр. «Күйеуім жынданып кеткендей. Ол есін білмейді, мені үтікпен ұрды. Қолына түскен затпен ұрып жатыр. Пышақтағысы келген еді, әрең қашып құтылдым» деді. Мен терезеден қарасам шалшық суда бала жатыр. Жер қан, миы шашылған»,- дейді бірінші қабат тұрғыны.
Ал Астана полициясы болса көршілер айтқан жағдайдың рас екенін, сотқа дейінгі тексеру басталғанын айтты.
Көршілердің бірі «Қайтыс болған ер адамның қарызы, ойынқұмарлығына енесі тиіскен болуы мүмкін. Содан кейін шегіп немесе ішіп келген адам өзін ұстай алмай осындай қылмысқа барған шығар» деп болжайды.
Қайғылы жағдай болған пәтерге қарсы беттегі көршілері ешкімге есік ашпаған. Басқа көршілері «Дәл осы отбасы сыртынан қарағанда еш артық қылықсыз, бұған дейін ұрыс-керісін сыртқа білдірмеген қарапайым адамдар еді» дейді. Секіріп мерт болған жігіт пен оның әйелі үш бала тәрбиелеп отырған.