Елімізде дзюдодан әлемдік Grand Slam турнирі өтеді

Дастан Жұмабекұлы

Онда дзюдошылар 2024 жылы Париж және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпия ойындарына ұпай жинайды

фото: Дзюдо федерациясы

Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) елімізде әлемдік Grand Slam турнирін өткізу туралы төртжылдық келісімшартқа қол қойды.

Францияның Париж қаласында өткен Grand Slam турнирі аясында Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының ресми кездесуі болды. Кездесуде Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер мен Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев екіжақты келісімшартқа қол қойды.

Келісімшартқа сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam турнирін 2023-2026 жылдар аралығында өткізеді. Турнир Астана мен Алматыда «Qazaqstan barysy Grand Slam» атауымен өткізіледі. Сондай-ақ жарыс аяқталғаннан кейін жыл сайын тұрақты түрде халықаралық оқу-жаттығу лагері ұйымдастырылады.

Анықтама:

Grand Slam – Халықаралық жарыс күнтізбесіне сәйкес IJF World Tour аясында өткізілетін әлемдік жарыстар сериясы. IJF ережесі бойынша, турнир жеңімпазы мен жүлдегерлеріне әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпай үлестіріледі. Атап айтқанда, 1-орынға 1000, 2-орынға – 700, ал 3-орынға 500 ұпайдан беріледі.

Qazaqstan barysy Grand Slam жарысында дзюдошылар 2024 жылы Париж және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпия ойындарына ұпай жинайды.