Абай облысында 7 жасар бала автобус есігіне қысылып қалған
Қоғамдық көліктің жүргізушісіне айыппұл салынды
Семейде автобус жүргізушісінің жолаушыларды тасымалдау ережелерін сақтамауы салдарынан 7 жасар бала автобус есігіне қысылып қалған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Әлеуметтік желіде жергілікті тұрғын автобус жүргізушісіне қатысты шағымын бөліскен. Әйел адамның айтуынша, жүргізуші жолаушылардың толық түскеніне көз жеткізбестен есіктерді жауып тастаған. Салдарынан 7 жасар бала есікке қысылып қалған. Ал жүргізуші қозғала бастаған кезде баланың денесі толығымен сыртта қалып кеткен. Осылайша, ол баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді.
Абай облысының полиция департаменті 5 ақпанда Hyundai автобусының 56 жастағы жүргізушісіне қатысты жолаушыларды тасымалдау ережелерін сақтамағаны үшін ҚР ӘҚБтК 593-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылғанын хабарлады. Аталған құқық бұзушылық 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуға әкеліп соғады.