«Мисс Еуропа» атанған Айгерім Әбілқадырова Париждегі турнирде қарсыласын неге тістеп алғанын ашып айтты

Халық үні

Спортшы мұндай қадамға неліктен барғанын айтты

Фото: bassport.kz

Париждегі Grand Slam турнирінің алғашқы жарыс күнінде қазақстандық Айгерім Әбілқадырова спортқа жат әрекетімен көзге түсіп, қарсыласының аяғын тістеп алған болатын. Бүгін спортшы мұндай қадамға неліктен барғанын айтты, деп жазады Bassport.kz.

«Барлық диван сыншыларына жауап берейін. Кеше Париждегі Grand Slam турнирінде мен бельгиялық спортшымен күрестім. Ол менің шынтақ буынымды тартып, ауырту әдісін жасады. Мен берілгенімді білдіріп, белгі бердім. Бірақ бельгиялық спортшы бұған қарамай, қолымды сындыра бастады.
Осыдан соң сол жақ буынымның қытырлай бастағанын естіп, амалсыздан және қатты ауырғандықтан автоматты түрде оны тістеп алдым. Оның үстіне, төреші бұл жағдайға мүлде мән бермей, белдесуді тоқтатпады. Айтпақшы, маған теріс пікір жазып жатқан еркектер, егер соншалықты батыр болсаңдар, маған өз номерлеріңді жазыңдар. Егер шамаң жетсе, бәрін бетіме айтып көр», - деді Айгерім.

Айта кетелік, Айгерім Әбілқадырова Париждегі турнирдің бірінші айналымында ұтылып қалған.

Айгерім Әбілқадырова дзюдодан 11 дүркін Қазақстан чемпионы және грепплингтен Азия, әлем чемпионы атанған. Жарақатына байланысты спорттан үзіліс алып, «Мисс Еуропа» атағын иеленген. Қазір ол ел чемпионатында жеңіске жетіп, ұлттық құрамаға қайта оралды.