×

Шиелі аудандық білім бөлімі 14 млн теңгеге бір литр сүт сатып алуды жоспарлаған

Қармақшыдағы мектептердің бірі 1,6 млн теңгенің күртешесін сатып алуды жоспарлаған

 Айнұр Шошаева 24.03.2022 | 17:00
Шиелі ауданы, фото: osken-onir.kz

Антикор қызметкерлері Шиелі аудандық білім бөлімінің бағасы 14 миллион теңгеден асатын бір литр табиғи сүт сатып алуды жоспарлағанын анықтады. Қайта тексерілгеннен кейін сүт бағасы 223 теңгеге дейін төмендетілген.

Агенттік қызметкерлері арнайы мониторинг барысында Қызылорда облысындағы осындай бірқатар деректі анықтады.

Мәселен, Қармақшы ауданындағы №275 орта мектептің балаларға 1 670 143 теңгенің күртешесін сатып алуды жоспарлағаны анықталды. Жалпы 208 миллион теңгеден аса сомаға 125 күртеше сатып алу жоспарланған. Ұсынысқа сәйкес тауар құны 16 701 теңгеге дейін төмендетілген. Жалпы сатып алу сомасы 2 миллион теңгеден асты. 206 680 197 теңге көлеміндегі мемлекеттік қаражат қайтарылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалия Әлімқұлова облыс бойынша 11 мемлекеттік мекеменің дизель отынын 280 теңгеден, ал АИ-92 маркалы бензинді 205 теңгеден сатып алуды жоспарлағанын мәлімдеді.

«Энергетика министрінің 2015 жылғы «Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес дизель отынының литрі 230 теңгеден, ал АИ-92 маркалы бензин бағасы 182 теңгеден аспауға тиіс. Мемлекеттік сатып алу лоттарын қайта қарау туралы ұсыныстардың қорытындысы бойынша 38 243 349 теңге сомасында бюджет қаражаты үнемделді», - деді Ғалия Әлімқұлова.

2022 жылдың екі айының қорытындысы бойынша 17 мекемеге жіберілген ұсыныстар нәтижесінде жалпы сомасы 351 230 304 теңге бюджет қаражаты үнемделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама