«Елестермен шай ішеміз»: Астанада зират үстіне салынған үйлердің бары рас па?
Мұндай әңгімелер тұрғындардың үйлерін сатуға кедергі
Елорданың кейбір аумағындағы тұрғын үйлерді зират үстінде салынған деген қауесет бар. Тұрғындар бүгінде осындай әңгімелер пәтерлерін сатуға кедергі екенін айтады, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Бұл Бөгенбай көшесіндегі «Свечкий» тұрғын үй кешенінің орнында жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, 1915-1960 жылдарға дейін православ зираты болған. Кейін 2009 жылы көшені кеңейту жұмыстары кезінде ХІХ ғасырда жерленген 4 адамның қабірі табылған.
Сол себептен «елес кезеді екен, кей адамдар өз-өзіне қол жұмсайтын көрінеді» деген сарында тұрғын үй жайында алып-қашпа әңгімелер көп.
«Осы орында зират болған екен. Біз осы жерде тұрамыз десек, адамдардың бәрі үрке қарап, елес көрдіңіз бе деп сұрайды. Кейде қалжыңдап елестермен отырып шай ішеміз деп жауап беремін»,– деді қала тұрғыны Гүлнәр.
Мұндай әңгімелер тұрғындардың үйлерін сатуға кедергі келтіретін көрінеді. Қала тұрғыны Байгел Досыбаев зираттың барлық жерде де болатынын алға тартты.
«Өркениет өсіп, адамзат тіршілігін жасап жатыр. Қай жерде зират жоқ? Түптеп келгенде барлық жерде зират бар»,– деді қала тұрғыны.