×

Солтүстік Корея Донбасқа әскерилері мен полицейлерін жібергісі келеді –  БАҚ

Соғысқа «бірінші партиямен» 300-500 адам бара жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 04.02.2023 | 16:45
фото: kommersant.ru

КХДР Үкіметі Украинаның Донбасс өңіріне өзінің әскерилері мен полицейлерін жібергісі келіп отыр. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның Daily NK басылымы хабарлады.

КХДР Үкіметі Ресейдегі солтүстіккореялық компанияларға өзін өзі жариялаған Донецк және Луганск халық республикаларына (ДХР мен ЛХР) жіберілетін персоналды іріктеп алуға бұйрық берді, – деп жазды басылым.

Өкім 20 қаңтарда келіп түскен. Оны КХДР Қорғаныс министрлігіне қатыстары бар Cholhyon Construction және Kumrung Construction компаниялары алған. Олар қаңтардың соңына дейін 19 бен 27 аралығындағы жастарды таңдап алуға тиісті болған.

Солтүстік Корея басшылығы аталмыш компаниялардың әскери ведомствомен байланыстары бар екенін ескере отырып, Донбасқа «азаматтық тұлғаларды емес, солдаттарды немесе полицейлерді жөнелтуге» шешім қабылдаған. Себебі, оларды «бақылап отыру оңай болады» деп есептейді.

Украинаның басып алынған территориясына қанша КХДР өкілі жіберілетіні қазір белгісіз. Бірақ басылым деректеріне қарағанда, «бірінші партияға» 300-500 адам енетіні жайлы айтылып жатыр екен. Мұндай сапқа іліккендер үйленген және отбасылары елде тұрып жатқан болуы керек. Сонда олар қашқындыққа салына алмайды. Ал команда ақпан айының ортасында немесе наурызда құрылуы мүмкін.

Бұйрықта Украинаның шығысына баратын солтүстіккореялықтардың алдарына нақты қандай міндеттер қойылатыны айтылмайды. Алайда, тағы бір деректерге қарағанда, олар елді мекендер мен инфрақұрылымдарды «қалпына келтіру» жұмыстарымен айналысатынға ұқсайды.

КХДР – Ресей армиясының Украина жеріндегі төрт аймақты басып алуына қолдау көрсеткен жалғыз ел. Қаңтардың соңында мемлекет басшысы Ким Чен Ынның қарындасы Ким Ен Чжон Солтүстік Кореяның «Ресей армиясымен және халқымен бір окопта бірге болатынын» мәлімдеген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама