×

Қызылордада 5 қабатты үйдің тұрғындары үреймен өмір сүріп жатыр

50 пәтердің тұрғындары түнде үйдің төбесі ортасына түсе ме деп қорқады

 Халық үні 04.02.2023 | 08:45
Фото: astanatv.kz

Қызылордада 5 қабатты үйдің тұрғындары «үреймен өмір сүріп жатырмыз» дейді. Себебі ғимараттың төбе жабындысы құлаудың алдында тұр. Айтуларынша, сарапшылар 4 жыл бұрын бұл қауіпті деп дабыл қаққан. Алайда мәселе жергілікті биліктің назарынан тыс қалды дейді, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Төбеден аққан жаңбыр суынан қыштар үгітіліп жатыр. 50 пәтердің тұрғындары түнде үйдің төбесі ортасына түспесе екен деп тілеп, көз ілмейміз дейді. Айтуларынша, қысы-жазы сасық судың иісінен тұншығады. Ал жауын жауса төбеден су сорғалап, әбігерге салады.

«Мен, мысалы, 4-те тұрамын. Су менің үйіме дейін келеді, жаңбыр жауған кезде қауіпті жағдайда тұр. Егер осылай көктем, қыс айларында жаңбыр жауа берсе, ойылып түсуі мүмкін. Техникалық апатты жағдай деп берді бізге. Акиматтан, басқа нелерден көмек жоқ қазір», - дейді қала тұрғыны Аралбай Қалданов.

Тұрғындардың айтуынша, мұнда негізінен қарттар қоныстанған. Сондықтан үйді өз күшімізбен жөндеуге шамамыз жетпейді деп отыр. Ал қайта жаңғырту жұмыстарын қалталары көтермейді.

«Модернизацияға біздің шамамыз келмейді. Плиталардың бәрі жылжып кеткен. Біздің қолымызда ешқандай техника жоқ. КСК бізде жұмыс істемейді. Әкімдіктен сұрайтынымыз білікті маман беріңіздерші, сосын техника беріңіздерші. Мына үлкен кісілердің ешнәрсеге шамалары келмей жатыр», - дейді қала тұрғыны Жаңыл Сарышова.

Қала әкімдігіндегілер көпқабатты үйдің төбе жабындысын жөндеуге бюджет қаражаты жетпейді деп отыр. Сондықтан «тығырықтан шығатын жалғыз жол - қайта жаңғырту жұмыстары» дейді қала әкімінің орынбасары.

«Тұрғындар тарапынан қаражатын жинап, қажетті материалдарын алып берген жағдайда техникалармен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Қайта жаңғырту жұмыстарын тұрғындар өздері істеуі керек», - дейді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай.

Осылайша, үрейленген тұрғындарға жергілікті биліктегілер үміт сыйлады. Халықтың жалғыз тілеуі көктемгі нөсер жауынға қалмай, құрылыс жұмыстарын аяқтау.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама