Президент Таразда қолөнершілер көрмесін аралады
Жуырда Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енгені туралы сертификат алды
Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніндегі Жамбыл өңірі қолөнер шеберлерінің көрмесіне барды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Президент «Шебер шаңырақ» мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдық бірлестігі, «Өшпес мұра» Жамбыл облысы қолөнер шеберлерінің қауымдастығы, «Жамбыл облысы қолөнершілер одағы» қоғамдық бірлестігі, Асыл-Дизайн» сән үйі және басқа да ұйымдар шеберлері жасаған бұйымдарды тамашалады. Көрмеге 29 қолөнер шеберінің ағаш, тері және киізден жасаған бұйымдары, қыш ыдыстар, панно, ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық киім үлгілері, ат әбзелдері, зергерлік бұйымдар қойылған.
Мемлекет басшысына көрсетілген «Киіз үй» инсталляциясында жастарға тоқыма, киіз басу, құрақ құрау, ұршық иіру, сырмақ сыру және басқа да өнер түрлері бойынша шеберлік сабағы өткізілді.
Сонымен қатар көрмеде көшпенділердің заманауи әлемдік үлгіде жаңғыртылып, нео-фольклор стилінде тігілген көпғасырлық дәстүрлі киімдері және дала гүлдері мен шөптерінің хош иістерінен жасалған иіссулар көрсетілді.
Жуырда Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енгені туралы сертификат алды.
Еске сала кетсек, кеше президент Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Алдымен мемлекет басшысы жазушы Шерхан Мұртазаның ескерткішіне гүл шоғын қойып, кейін зиялы қауым өкілдерімен әңгімелесті.
Одан соң мемлекет басшысы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйінде оқу орнының оқытушылармен және студенттермен кездесті.
Байзақ ауданының Көктал ауылдық орта мектебінің жұмысымен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымымен жүздесіп, жаңа әрі жайлы мектепте білім алып жатқан оқушыларға табыс тіледі. Сондай-ақ Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы «Әулие Ата Феникс» құс фабрикасында цехтарды аралап көрді.
Одан әрі Президент қарапайым ауыл тұрғынының тұрмыс-тіршілігімен танысу үшін жеке қосалқы шаруашылығын жүргізіп отырған Қостөбе ауылы тұрғынының үйіне барды. Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында жаңа емханадағы заманауи жоғары технологиялы құрылғылардың жұмысымен танысты.