Halyq Uni логотип
×

СҚО-да ел ішіне кіріп кеткен елік қорыққа жіберілді

Аймақта шамамен он бес мыңнан астам елік бар

 Самат Жақып 24.03.2022 | 15:42
СҚО-да ел ішіне кіріп кеткен елік қорыққа жіберілді
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында қар жамылғысының мұздауына байланысты, жабайы жануарлар қорек іздеп елді мекендерге жақындай бастаған. Мәселен Қызылжар ауданының ортылығы Бескөл ауылындағы Ульянов көшесі бойында орналасқан жеке тұрғын үйлердің ауласына бүгін таңертең сібір елігі кіріп кеткені белгілі болды.

Алдын ала болжам бойынша, елік мұнда қорек іздеп келген. Себебі соңғы күндері өңірде ауа температурасы бірде жылынып, бірде күрт төмендеп, жер бетін тоң басқан. Салдарынан дала жануарлары тебіндей алмай қалған.

Учаскелік полиция инспекторы Бақтияр Рахметовпен Бескөл аңшылық шаруашылығының аға қорықшысы Юрий Побережник дала жануарын құрықтап, кейін оны мемлекеттік табиғи қорық аумағына жіберді.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр дәл осы кезеңде аймақтағы еліктер жаппай қырылған еді.

«Жабайы жануарды ұстау қиынға соқпады. Қашып кетпек болып, қоршауға қыстырылып қалған сәтте құрықтадық. Еш жері жараланған жоқ. Шамамен екі жаста. Кейін, қайтадан орманға жібердік. Жалпы, жануарлар аш деп айта алмаймын. Себебі мен өзім аптасына бірнеше рет қорыққа барып тұрамын. Жабайы жануарлар салған азықты уақытылы жеп үлгермейді. Қызылжар ауданы бойынша былтыр алты мың дана қайың жапырағын, жүздеген орма шөп және бірнеше тонна дәнді дақыл дайындадық», - дейді Бескөл аңшылық шаруашылығының аға қорықшысы Юрий Побережник.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама