×

«Әскери бөлімде 14 офицер қамауға алынған»: белгілі журналист Бас прокуратураға үндеу жолдады

Дизель отынын ұрлады деген желеумен 14 офицер қамауға алынған

 Халық үні 03.02.2023 | 23:45
Фото: әлеуметтік желіден алынды

Ақтаудағы әскери бөлімде дизель ұрлады деген айыппен қамауға алынған 14 офицер ақталғанымен, әлі бостандыққа шықпаған. Бұл туралы белгілі журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Айтуынша, 2020 жылы қыркүйекте Ақтаудағы 25744 әскери бөлімде оқу-жаттығу өтті. Шара барысында дизель отыны ұрланды деген желеумен 14 офицер қамауға алынады. Біреу емес, екеу емес, аттай 14 жоғары білікті әскери кадр. Арасында шетелдегі әскери академияда білімін жетілдіріп жатқан подполковник, полковниктер бар. Жанар-жағармай сатты деген айыппен Ақтөбе гарнизонының әскери соты 2021 жылдың 29 маусымында 14 офицерді 9,10,11 жылға соттайды.

«Зар жылаған әйелдер мен балалары аппеляциялық сотқа беріп, нәтижесінде 2022 жылдың 12 қазанында үкім күші жойылады. Алақайлап қуанған әйел, бала-шағаның бақыты кілт үзілді. Үкім болғанымен 14 офицер әлі темір торда отыр»,- деп жазды Гүлмира Әбіқай.

Арасында жүрек-талма аурулары, отадан шыққандар, аяқ-қол сынығына темір салғандар бар. Ақтөбе абақтысында не дәрігерге қаралмай, не ем қабылдамай әскерилер шарасыз қалған.

«Жолдасымның аяғында сынық бітсін деп салынған темір бар еді. Алатын уақыты әлдеқашан өтіп кетті. Енді сыныққа сынып жамап, ол темір сүйекпен бітісіп кетті», - деп жылады телефонның ар жағында ерін күткен Орынгүл Қабиева.

«Қорғаныс саласы қажет кезде баламның жастығын, денсаулығын, білімін пайдаланды да, енді керексіз сүйектей лақтырып жіберді», - деп қынжылды ақсақал.

Журналист темір торға тоғытылған дәл осы 14 әскеридің жанар-жағар май ұрлағанын сот дәлелдей алмағанын айтады. Куәгер жоқ. Айғақтар жоқ. Сараптама жоқ. Соған қарамастан не үйқамаққа босатуға рұқсат жоқ дейді.

«Арыстай 14 азамат 2020 жылдың қазан айынан бері қамауда. Тіпті, сот «14 әскери қанша тонна бензин жымқырды, қанша сомма зиян келді?» деген сауалдарға жауап тапқан жоқ. Онда адам өлтірмеген 14 адам 2 жыл 3 ай абақтыда неге отыр?», - деп сұрақ қояды журналист.

«Дәл қазіргідей көрші елдегі соғыс ахуалында аттай 14 офицердің еш дәлелсіз сотталуы саяси қателік және адам құқын бұзу», - дейді Алматының адам құқықтары жөніндегі уәкілі, заңгер Ғабит Өмірбек.

«2 жыл, 3 ай қамауда. Жары күйеусіз, ана баласыз, бала әкесіз өткен түндер. Бұл уақытта 4 бала дүниеге келіп, кейбір офицердің ата-анасы өмірден өтіп кетті. Президенттің еш дәлелсіз соттағы бұлтың-бұлтыңды қойыңдар дегенін Бас прокуроатура мен Қорғаныс министрлігі ести ме?», – деген Гүлмира Әбіқай құзырлы органдарға үндеу жолдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама