×

Қаржы пирамидасын ұйымдастырған 16 адамға сот үкімі шықты

Сот үкімімен 16 адам кінәлі деп танылды

 Халық үні 03.02.2023 | 18:42
Фото: inbusiness.kz

Қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға үкім шығарылды.

Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық соты 16 сотталушыға қатысты қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелеріне аса ірі мөлшерде ақша қаражатын тарта отырып және Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға делдалдық жасау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады (ҚР ҚК 3-бабының 2-тармағы, 218-бабының 1-бөлігі).

Сот сотталушы А. және басқа іске қатысушы азаматтардың 17-мамырдан 20-желтоқсанға дейінгі кезеңде қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін ұйымдастырғанын және басқарғанын анықтады.

Әзірленген жоспарға сәйкес, А. және басқа да азаматтар "Q" ЖШС ашып, оған азаматтарды тартып, салымшыларға жоғары сыйақы пайызын уәде етіп, ақша қаражатын инвестициялауды ұсынды.

Жоғарыда аталған ЖШС жаңа салымшылардың ақшалай жарналары есебінен бұрын жүгінген салымшыларды ақшалай қаражатпен байыту үшін қызмет етті.

Сотталушылар құрған схема республика аумағында тыйым салынған қаржы пирамидасы болды. Бұл ретте ЖШС Шымкент, Түркістан, Астана, Қарағанды, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Өскемен қалаларында құрылымдық бөлімшелері болған, және олардың кеңселерінде жаңа салымшыларды тартумен айналысқан.

А. басқа қатысушылармен бірлесіп, табысы жоғары инвесторларды тарта отырып, салымшылар санын үнемі арттырып, жарнама компанияларын жүргізді. Осылайша экономикалық қызметте лицензиялары жоқ бола тұра, салымшыларды тартумен айналысып, оларға валюта нарығында ойдан шығарылған инвестициялық операцияларды ұсынған.

«Осы әрекеттердің нәтижесінде 1345 жәбірленушіге 6 млрд 136 млн 223 мың 773 теңге сомасында аса ірі мөлшерде залал келтірілді», -делінген хабарламада.

Сот қылмыстық істі қарау кезінде сотталушының істеген ісіне шын жүректен өкінгенін, әрі 5 жасар баласы барын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ал жазаны ауырлататын себептер анықталмады.

Сот айыпталушыларды 6,8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған прокурор мен оның ұстанымын қолдаған жәбірленушілердің пікірін ескерді.

Сот үкімімен 16 адам қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелеріне аса ірі мөлшерде ақша қаражатын тарта отырып және Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

«Сот шешімімен 15 сотталушыға коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысуға 5 жылға шектетіле отырып, оларға қауіпсіздік мекемелерінде 6 жыл 2 айдан 6 жыл 8 айға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы К 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. 2021 жылғы 7 желтоқсандағы "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 1-бөлігі негізінде сотталушы К-ның бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаның өтелмеген бөлігі екінші бөлікке қысқартылып, 9 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», – делінген сот таратқан мәліметте.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама