Қазақстан полицейлері американдық шерифтердің тәжірибесін зерттеді

Динара Амантай

Қазақстандық тәртіп сақшылары қоғамға бағдарланған полиция қызметін ұйымдастырудағы қолданыстағы тәсілдермен танысты

Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігінің және ведомство оқу орындарының делегациясы АҚШ-қа оқу-таныстыру сапарымен барды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, бұл сапардың мақсаты – Америка Құрама Штаттарында полиция кадрларын даярлау және қоғамға бағытталған полиция саласындағы тәжірибесін зерттеу болатын. Қазақстандық полицейлер БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Қазақстандағы бағдарламалық кеңседегі және Венадағы штаб-пәтердегі қызметкерлерімен бірге Делавэр, Вирджиния штаттары полициясының және Монтгомери округі полиция департаментінің әріптестерімен кездесті.

Қазақстандық тәртіп сақшылары кандидаттарды жалдау және жұмысқа алу процестерімен, бұрыннан қызмет атқаратын сақшыларды және жаңа қызметкерлерді даярлауға арналған оқу бағдарламаларымен, сондай-ақ қоғамға бағдарланған полиция қызметін ұйымдастырудағы қолданыстағы тәсілдермен танысты.

Бұдан бөлек, Есірткіге қарсы күрес басқармасы академиясында (DEA) және Федералды тергеу бюросының академиясында (FBI) кездесулер кезінде кәсіптік оқыту мен тиісті полиция инфрақұрылымына ерекше назар аударылды.