Қазақстандықтардың тұрмысы төмендеп барады

Дәурен Ерболат

Олардың үлесі Алматы мен Шымкентте, Түркістан облысында басым

Фото: zakon.kz

Елімізде кедейлердің саны артып жатыр, деп хабарлады Finprom.kz. 

2022 жылғы үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен үйлердің саны бір жылда 4,5%-ға өсіп, 180,9 мыңға жетті. Мұнда 1 млн адам тұрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,9%-ға көп. Бір жыл бұрын осы кезеңде елде төмен табысы бар 173,2 мың үй  (бір жылда 7,5% азайған) болған.

Былтыр үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша еліміздегі 3,6 мың үйдің (бір жылда  62,7%-ға азайған) табысы азық-түлік себеті құнынан төмен болды. Ол үйлерде 24,8 мың адам тұрды. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,2 есе аз.

Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен үйлердің ең көбі  Түркістан облысында орналасқан: 25,4 мың үй, бір жылда 1%-ға азайды. Сондай-ақ кедейлік шегінен төмен тұратын халық саны да осы өңірде: 191,1 мың адам.

Түркістан облысынан кейін ең нашар көрсеткіштер Алматы қаласы (15,9 мың үй, бір жылда 3,1% азайды), Шымкент қаласы (14,6 мың үй, 26% көбейді), Маңғыстау (12,9 мың үй, 21,3% көбейді) және Ақмола (12,6 мың үй, 28,7% артты) облыстарында.

2022 жылғы үшінші тоқсанда жан басына шаққандағы орташа күнкөрістің ең төменгі деңгейі 46,7 мың теңге болды. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 26,9%-ға артық. Бұл ретте тұтынуға жұмсалған табыс – 80,2 мың теңге, көрсеткіш бір жылда 14,3%-ға өсті.