Бүгінде фермелерден несие алуға мыңнан аса өтінім түскен
Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларға несие беру жалғасып жатыр, деп хабарлады «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі.
2023 жылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 140 млрд теңге бөлінді.
Өтінімді қабылдау басталған 9 күнде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден жалпы сомасы 48 млрд теңгеге 1 мың 211 өтінім түсті. Тағы 668 фермер құжат жинап жатыр. Қаржыландырудың көп бөлігі – 5,8 млрд теңге несие серіктестіктері арқылы берілді. Микроқаржы ұйымдары арқылы фермерлер 800 млн теңге рәсімдеді, - деп жазылған хабарламада.
Биыл несие алуды жеңілдету және жеделдету үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржыландыруды тек несие серіктестіктері, екінші деңгейдегі банктер және микроқаржы ұйымдарын қорландыру арқылы жүзеге асырып жатыр.
Агроөнеркәсіп субъектілері үшін сыйақысының жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайды.
Қаржы жанар-жағармай, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге қажет қосалқы бөлшектер, минералды тыңайтқыш, тұқым сатып алуға және егін егу мен жинауға арналған өзге де іс-шараларға жұмсалуға тиіс.
Айта кетейік, фермерлерге берілетін несие бойынша толық ақпаратты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалдарынан немесе www.agrocredit.kz сайтынан алуға болады.