×

Эстонияда Зеленскийге алып ескерткіш қойылды

Украина перзидентінің мүсіні соғыста жеңіске жеткенге дейін тұра береді

 Дастан Жұмабекұлы 03.02.2023 | 10:34
фото: bloknot.ru

Эстонияның Тырва қаласында Украина президенті Владимир Зеленскийдің үлкен ескерткіші бой көтерді. Бұл туралы delfi.ee хабарлады.

Зеленскийге Тырвада қатырылған құмнан қойылған ескерткіш Украина соғыста жеңіске жеткенше тұратын болады, – делінген хабарламада.

Осылайша Эстониядағы Тырва қаласының тұрғындары америкалық Бостандық мүсіні стилінде президент Владимир Зеленскийге ескерткіш қоюдың ишарасын жасады. Оның суретін Эстония премьер-министрі Каи Каллас ханым өзінің Instagram-дағы аккаунтында жариялады.

Премьер-министрдің айтуынша, ескерткішті тұрғызуға қаланың аумақтық қауымдастығы бастамашы болған. Сондай-ақ ол елдің басқа өңірлері тұрғындарының Ресей басқыншылығына қарсы соғысып жатқан Украина халқына айрықша жақтас болып отырғанын да назардан тыс қалдырмады.

Эстония соғыста Украинаны толық қолдайды. Мұны барлық жерден байқауға болады. Тіпті қарапайым адамдардың өзі ау тоқып, оларды Украинаға жөнелтіп, қолдарынан келген көмектерін көрсетіп жатыр. Тырва тұрғындары елдің президенті Владимир Зеленскийдің мүсіні қойылған Бостандық паркінің негізін қалады. Ескерткіш Украина соғыста жеңіске жеткенге дейін тұра береді деп жоспарланып отыр, – деп атап өтті премьер.

Бұдан бұрын Эстония Фин шығанағына қарай шығатын Ресей кемелеріне шектеу қоятынын мәлімдеген еді.

Эстон билігінің сондай-ақ Украинаға қолында бар біраз қару-жарақтарын, соның ішінде 155 мм калибрлі гаубицаларының бәрін беруге дайын екенін мәлімдегені де белгілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама