Halyq Uni логотип
×

Түркістан облысындағы су тасқыны: министрлік мәлімдеме жасады

Облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесінде жол төсемін су шайды

 Халық үні 03.02.2023 | 00:24
Түркістан облысындағы су тасқыны: министрлік мәлімдеме жасады
фото: ТЖМ

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Түркістан облысындағы су тасқыны мен оның салдарымен күрес бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. 

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, қазіргі уақытта 4 елді мекенде, атап айтқанда Бәйдібек ауданында Шаян мен Шақпақ, Сауран ауданында Шаға және Арыс қаласында су бұру жұмыстары жүргізілуде.

ҚР ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен үйлерді су басу жағдайының алдын алу үшін 12 000 құм салынған қап төсеу жұмыстары жүргізілді.

Қарнақ ауылында Кентау қаласы, Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандарында барлығы 21 көше мен 235 аула аумағын, сондай-ақ Ордабасы ауданында мектептің аумағын су басқан.

Жұмыс жүргізуге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың, Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдарынан 400-ден астам адам, 70-ке жуық техника, 35 мотопомпа жұмылдырылды.

ТЖД күшімен Кентау қаласындағы Қарнақ ауылының, Сауран, Бәйдібек аудандарының су басқан аула аумағынан 204 адам және 201 ұсақ мал эвакуацияланды. Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар Сауран ауданында 4 эвакуациялау пунктін дайындады.

Республикалық және облыстық жедел штаб жұмыс істейді.

Жедел желі телефондары жұмыс істейді: Астанада - 87172533284; Түркістан облысында - 87253357881.

Облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесінде жол төсемін су шайды. Су тасқынына байланысты облыстық маңызы бар «Көксаят-Ақсу-Саян-Мыңбұлақ-М-32», 118-136 км 117-179 автожолы жабылды.

Су тасқынының салдарымен күресу үшін Түркістан облысына Шымкент қаласының ТЖД күштері мен құралдары жіберілді.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 3 ақпанда облыстың басым бөлігінде жауын жуып (жаңбыр, қар), ауа температурасы көтеріліп, қар тез ериді, еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама