«Интернет жылдамдығын көтереміз». Ауылдардан да ХҚКО ашылатын болды
Онда тұрғындарға 20-дан аса мемлекеттік сервис бойынша көмек көрсетіледі
Еліміздің ауылдарында орналасқан «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады. Бұл туралы «Digital Almaty 2023: жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» атты халықаралық форумда «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова айтты.
Бүгінде ауылдарда «Қазпоштаның» 2 700 бөлімшесі бар. Біз бұл бөлімшелерді комьюнити орталық етіп, Халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашып жатырмыз. Онда біздің мамандар ауыл тұрғындарына 20-дан аса мемлекеттік сервис бойынша көмек көрсетеді, - деді басқарма төрағасы.
Оның айтуынша, жалпы еліміздегі цифрландыру мәселесі интернерттің жұмыс істеуіне байланысты болып тұр. Қазір әр ауылда интернет бар, алайда оның жылдамдығы аз.
Сондықтан біз Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, ауылдарда интернет жылдамдығын көтеру, яғни бір адамға 1м/бит емес, 100 м/бит-ке дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз, - деді Әсел Жанасова.
Сондай-ақ ол «Қазпошта» тарапынан әйелдерге әлеуметтік жағынан қолдау көрсету жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
«Біз ауылдағы әйелдердің кәсіби тұрғыда өсуіне, әлеуметтік жағынан қорғалуына, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға ынталымыз. Осыған орай, ауылдардағы «Қазпошта» бөлімшелерінде біз әйелдер үшін телемедицина арқылы дәрігерлердің сервисін қосу, онлайн курстарды ашу жұмыстарын жасап, электрондық даярлау орталықтарын ашып жатырмыз», - деді Әсел Жанасова.